Қазақстандық конструктор "ақылды" бағдаршам ойлап тапты

Қазақстандық конструктор "ақылды" бағдаршам ойлап тапты

III Инновациялық конвенттің аясында Алматыда заманауи технологиялардың көрмесі өтті. Көрмедегі назар аударуға тұрарлық өнертабыстардың бірі - интеллектуалды бағдаршам болды.

Жарық диодты анимациялық құрылғы көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, сонымен қатар дальтонизммен ауыратын адамдарға қызмет етіп, жолдан өткізіп жіберуге көмек бола алады.

"Бағдаршамды белгілі уақыт аралығында дыбыс шығармайтын етіп баптап қоюға да болады. Мысалы түнгі уақытта. Көзі көрмейтін жандардың барлығы дерлік бұл уақытта үйінде болады. Осылайша жақын маңдағы үйлердің тұрғындарына кедергі келтірмейміз. Ал оның жарығы тәулік уақытына қарай өзгеріп отырады. Мысалы түнгі уақытта көздің көруіне кедергі болмауы үшін бағдаршам күңгірт жарық шашып отырады", - деп өнертабысы туралы айтып берді Павел Лукша.

Бұған дейін Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенттері автокөлікті тұраққа қою (парковка) процесін жеңілдетудің жолын тапқандығын айтқан болатынбыз. Жоба авторларының айтуы бойынша, құрылғы GPS-навигатордың көмегінсіз-ақ 4 метр радиустағы көліктің айналасына зер салуға мүмкіндік береді. "Көліктің төрт жағына инфрақызыл сәуле шашатын сенсор орналастыру керек. Бар мәліметтер микропроцессорға жіберіледі. Біздің жағдайда бар-жоғы 50 доллар тұратын Apple A5 таңдалды. Осылайша монитордан реал уақыттағы көліктің үстіңгі жағынан проекцияланған көріністі көруге болады", - деп әңгімелеп берген еді жоба авторларының бірі Құрбанқожаев. Жас конструктордың есептеуінше, құрылғыны орнату орташа есеппен 500 долларға шығады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: smotra.ru