- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Ең алғашқы калькуляторды...
Ең алғашқы калькуляторды кім ойлап тапты?
Күнделікті өмірімізде калькуляторды қолдану тиімді шешім. Әлбетте, кейбір амалдарды ойша орындаудың еш қиындығы жоқ, бірақ үш не төрт, не одан да көп таңбалы сандарды қосып, көбейту үшін біраз уақыт керек. Бұл мәселені шешуде бізге адам баласының ойлап тапқан техникалық құралы - калькулятор көмектеседі. Егер осыдан он жыл бұрын калькулятордың түрі қазіргі пернетақталарға ұқсаған болса, бүгінгі күннің калькуляторы - компьютердің операционды жүйесіне орнатылған бағдарлама болып табылады. Ал алғашқы калькулятордың түрі қандай болды? Ол неге ұқсайтын? Бұл сұрақтардың шешімін мына материалдан табасыз.
Адам баласына есептеулерді жүргізуге ертеректе "абак" көмектесетін. "Абакпен" біз сізді мына мақалада таныстырып өткен болатынбыз. Сенесіз бе, бұл құрылғыны әлі күнге дейін кейбір мемлекеттер пайдаланып келеді.
Заманауи калькуляторлардың эволюциясы XVII ғасырда шотландиялық математик Джон Непер логарифмдерді ойлап тапқан кезде басталды. Ол көбейту мен бөлу амалдарын қосу мен алудың бірнеше операциялары арқылы өрнектеген. Непердің еңбектері 1622 жылы логарифмдік сызғыштың пайда болуына түрткі болды (Англия, 1622), ал екі жылдан кейін Вильгельм Шиккардтың (Германия) механикалық калькуляторы пайда болды.
Шиккардтың "есептегіші" барлық төрт амалды орындағанымен, оның құрылғысы тез арада ұмытылып кетті. Бірақ, күндердің бір күнінде неміс тарихшысы Франц Хаммер 1935 жылы ол туралы жазбаларды мұрағаттан тауып алып, оны қалың жұртқа жария қылады. Шиккардың қағаздары 1957 жылы жарияланып, оны әлемдегі алғашқы механикалық калькуляторды ойлап тапқан адам деп таниды. Бірақ, бұл атақ 300 жыл бұрын Блез Паскальға берілген болатын.
Алғашқы механикалық калькулятор
Тағы бір француз Шарль Ксавье Тома де Кольмар коммерциялық жағдайда өте тиімді калькуляторды 1820 жылы шығарған болатын. Бұдан кейін үстел калькуляторлары мен соммалаушы машиналардың бірнеше түрі пайда болғанымен, олар қолданысқа тиімсіз, қымбат әрі ауыр болғандықтан, логарифмдік сызғыштың орнын баса алмайтын. Тіпті Жапония елінде құрастырылған алғашқы транзисторлы калькулятордың салмағы 25 келі болды.
Калькуляторлар дамуының ең қызықты кезеңі 1958 жылы басталды. Сол кезде АҚШ тұрғыны Джек Килби алғашқы микрочипті ойлап тауып, оны калькуляторлар мен есептеуіш машиналарында қолдануға болатынына назар аударды. «Тексас Инструмент» компаниясының екі инженерімен бірлесе отырып, Джек Килби 1962 жылы алғашқы электронды калькуляторды құрастырды. Үш жылдан кейін, калькулятор бұрынғысынан да жеңілдеп, арзанға түсті. Осылайша, сатылымға алғашқы «Покетроник» атты калькулятор шықты.
Алғашқы электронды калькуляторлардың бірі
Суреттер: samogo.net