- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- Ата тегімізді не...
Ата тегімізді не үшін мұқият зерттеуіміз керек?
Қазақта "Жеті атасын білмеген – жетесіз" деген сөз бар. Ата-бабасын біліп жүру – әр адамның парызы. Ал жеті атаны не үшін білу керек? Психологтар "адамның арғы тегі оның бүгінгі тағдырына әсерін тигізеді" дейді. Сондықтан әке-шешеңізден арғы тегіңіз жайлы кең ақпарат сұраңыз.
Қазақ өзінің ұрпағын "үрім бұтағым" деп атайды. Арғы тегіміз – алып терек болса, біз соның бұтағы ғанамыз. Тамырымыз тереңге кеткен, ендеше, тағдырымыз дүниеге келген сәттен басталған жоқ...
Туған күн. Қай жылы, қай күні тудыңыз? Ал жеті атаңыздың ішінде кім қай уақытта дүниеге келген? Сәйкестік бар ма? Осы нәрсені зерттеп көріңіз.
Аты-жөніңіз. Бәлкім сіздің атыңызды арғы тегіңізде бір немесе бірнеше адам иемденген шығар? Адамның есімі тағдырына үлкен әсер етеді.
Отбасындағы қарым-қатынас. Туысқандарыңыз қалай, кіммен, қандай қарым-қатынаста өмір сүрген? Бәлкім сіз арғы тегіңіздегі бір адамның әрекетін қайталап жүрген боларсыз?
Отбасы құпиясы. Әр жанұяның өз сыры болады. Бірақ ол ұрпаққа ақиқат болып жетеді. Арғы тегіңізде осындай үлкен құпияға ие болған ұрпақ болса, сіздің қазіргі өміріңізде сол сырдың бір ұшқыны білінуі мүмкін. Мысалы, қараңғыдан қорықсаңыз, арғы тегіңізде бір адам жұмбақ жағдайда қайтыс болып кеткен болар?
Отбасы аңыздары. Әр отбасының өзіндік дәстүрі жанұя іргесінің беріктігін қамтамасыз етеді. Кей жағдайда отбасының қатаң дәстүрі адамды тордағы тотықұстың күйіне түсіруі мүмкін. Тіпті адам миына, денсаулығына кері әсер етіп те жатады. Жеті атаңыздағы қатаңдық сіздің де отбасыңызға жұққан шығар?
Келеңсіз оқиғалар. Өмірде болатын келеңсіз жайттар ұрпақ алмасқан сайын қайталанады. Егер арғы ата-бабаңыздың біреуінің басында ерекше қайғы болса, оның сіздің өміріңізде қайталанбауы үшін сақтанып жүргеніңіз дұрыс.
Адам орнына келген адам. Егер жаңа туған нәресте бір туысқаныңыздың орнына келген болса, яғни, сәби туған соң бір адам өмірден озып кетсе, ол да жеті атаңызға үңілуіңізге себеп бола алады.
Адамның шалыс қадамы ұрпағына әсер етеді. Халық арасында жек көрген адамының ұрпағын қарғау түсінігі бар. "Ұрпағыңа көрінсін" деген тілек – ең сорақы сөз. Әке-шешеміздің "Менің көргенімді балам көрмесін" деген сөзін де жиі естіп жатамыз. Ешкімге қиянат жасамай өмір сүрген кей жан үлкен қайғыға тап болғанда "Не үшін? Тірі жәндікке зияны жоқ адамның осынша жазаланғаны несі?" деп таңғаламыз. Бәлкім бұл жаза арғы тегіңіздегі бір туысқаныңыздың қателігінің өтеуі болар?
Жеті ата – жеңіл сөз емес. Сондықтан өзіңіз үшін, ұрпағыңыз үшін шежіреңізді білгеніңіз жөн.
М. Оңғарова