Саналы ұрпақ салтын ұстайды

Саналы ұрпақ салтын ұстайды
Фото: wegetarian.ru

Қашанда қазақты айналасына танытып тұратын айшықты белгісі – ұлттық салт-дәстүрі, тарихы. Өмірде ұстанған халықтық әдет-ғұрпымыз бен наным-сенімдерімізді және солардың мән-мағынасын біз осыған дейін алдыңғы аға буыннан естіп, есімізде қалай сақтаған болсақ, енді соны жас ұрпаққа ерінбей түсіндіріп жүру – бізге парыз. Шын мәнінде, ұлттық салт-дәстүр ғана халыққа табиғи тән белгі. Бұл халықтың мінез-құлқы, әрі оның ашық не көмескі ниеті мен пейілін сездіретін райы деп түсінуіміз керек. Балаларымыз да өздерінен кейінгі келетін толқынға асыл құндылықтарымызды талмай айтып жеткізе беруі керек. Сонда ата-баба жолынан айнымаймыз. Арғы ғасырлардан жеткен алтын арқау үзілмейді. Айдың, күннің аманында адасу, мәңгүрттену деген кеселдер болмайды. Парасат тұрақтанады. Құрметті Президентіміздің үнемі айтып келе жатқан ғибратты насихат-нұсқауы да осы емес пе?!. Демек, Мәңгілік Ел боламын десең, ұлттық негізіңді сақтаған абзал.

Осы орайда өзім ұстанатын салт-дәстүріміздің кейбірінің мазмұнын аша кетсем деймін. Бұны мен де, басқалар тәрізді өз әкемнен талай естігенмін. Әкем 92 жыл жасап өткен кісі. Мен де, міне, сексенге ілініп тұрмын. Әкем дер кезінде бұларды өз атасынан, біздің үлкен бабаларымнан естіген болар. Жөн-жосық солай.

Қазақ көшпелі халық болған. Көшіп-қонуы өзі айналысқан мал шаруашылық жайына байланысты. Бабаларымыз малды баға білген, одан өндіретін ет пен сүттің бабын таба білген. Дәмдісін қонағына ұсынған. Сойыс малдың түрін жыл мезгіліне қарай таңдаған. Бұрынғы-соңғының жолы бойынша малды қонақ­тың батасын алып барып қана сойған. Қонақтың әлеуметтік, қоғамдық орны, жас мөлшері, туыстық жақындығының дәрежесіне қарай сойылған малдың бас, шеке, жамбас, жал-жая мен қазы-қарта, құйрық, жіліктерін таңдап асқан, сыбағалы табақтар тартылған.

Кәделі мүшелер тиісті адамдарға арнап пісірілгенде кімнің қандай мүшені ұнататыны емес, қалыптасқан дәстүр қатаң сақталып берілген. Осыған байланысты біраз ырымдар бар: «Қартайғанша отырып қаласың», деп кәрі жілікті қызға бермейді; «былжырап кетесің» деп миды балаларға, «толғағың қатты болады» толарсақты деп жас келіндерге жегізбейді. Солайша әрбір адамның әлеуметтік немесе туыстық иә жынысы мен жасына қарай сәйкес кәделі мүшелерді ұсынатын этикалық жоралғылар бар.

Қонақтарға берілетін сыбағалы ас­ты «сыйтабақ», «құда-құдағи та­бақ», «жеңгетабақ», «күйеутабақ», «келін­табақ», т.б. деп айырып атайтын және сол әрбір табаққа сәйкес арнайы мүшелер салатын дәстүр бар. Әрбір табақтағы оны жейтін адамдардың құрамына байланыс­ты сыйлы мүшелер – құда-құдағиға бас, жамбас, құйрық салынады, күйеу балаға төс тартылады, өйткені, ол екі қабырғалы елді төспен біріктіргендей, сіңімді болсын дегені. Дос-құрдасқа жауырын жарайды, «жауырындай аралары жазылмасын» деген емеурінмен беріледі.

Оңтүстік жұртында қойдың басын­дағы ен салған құлағын үй иесі кесіп алып баласына береді, онда «осы еншіні әрі қарай сен жалғастырасың» деген тұспал жатыр. Қазанға бастың тісін қағып салады, оның мәнісі, «біз тістесіп, араздаспаймыз» дегені, маңдай құйқаны қасқалайды, ұзын тілік «жолың ашық болсын», көлденең кесік «Алла жол жүргеніңде көлденеңінен сақтасын» дегенді білдіреді. Отағасы немесе оның үлкен ұлы табақтағы бастың тұмсығын қонаққа қарата қойып бата сұрайды. Баспен бірге табаққа сирақ салмайды, оны балаларға береді. Қазақта аяқ киімді жоғары шығармайды, түсінде көрсе дұшпан басқа шығадыға жориды.

Бас жеудің де өзіндік тәртібі бар. Оны ұстаған адам бастың оң жақ езуінен бір жапырақ құйқа кесіп алып ауыз тиеді. Мәнісі: қазақта «Езуінен енші берген» деген аталы сөз бар. Қалғаны не болады? Дастарқан басында жұрттың көзі бас ұстаушыда, сондықтан дәстүр бойынша ол жанындағыларға: «шешен бол» деп бастың таңдайын, «әнші бол» деп көмекейден, «тең құр­быңның алды бол» деп маңдайдан, «екі көзімнің бірі бол» деп көзден, «палуан бол» деп желке құйқадан, т.б. ұсынып көпшілікке дәм таттырады.

Әкемнен естіген бір әңгіме былай өрі­леді. Бірде қозы мен лақ айтысып қалады. Қозы мақтанып, мені кә­делі қонаққа соя­ды, сенің етіңді ешкім ұнатпайды депті лаққа.

Бұл рас. Наурыз айынан бастап қазақ қонаққа кепе қозы сояды. Сонда лақ: «Сүмбіле түс­сін, менің де кезегім бір келер. Мақтанғаныңды көрерміз», дейді. Ал байқасаңыз, Сүмбіле жұлдыз (Сириус) 26 тамызда туады. Сүмбіле туған соң қазақтың ырымы бойынша адамдар суға түспейді. «Сүмбіледе су суиды», деген сөз осыдан қалған. Сүмбіледе серке мен лақ піседі, бүйрек майы бітеу семіз болады. Осы кездері қазақтар қонаққа серке немесе семіз лақ сояды. Әдетте, тамақта қойдың жамбасы мен құйрығы, жылқының қазы-қартасы, жал-жаясы, сиырдың тоқішегі қадірлі. Сол сияқты ешкінің бүйрек майын бес жалпақ омыртқаны бұзбай бірге алады, сыйлы қонаққа сол қалпымен тартылады. «Қозы мен лақтың айтысында» ешкінің осындай сыйлы бүйрек майы қозы-құйрығынан кем түспейтіні алға тартылады.

Бірде Жамбыл облысы Су шаруа­шылығының басшы-қызметкерлерімен Мойынқұмдағы бір үйде түстендік. Үйдің қариясы серке сойдырған екен. Оның совхоз директоры болып жүрген баласы қозы соямын деп әкесіне қарсыласса керек. Сонда мен «қозы мен лақтың айтысын» айтып беріп, серкенің бәсі биіктейтін маусымы жайлы төрелік айтып, қарияның дұрыс жасағанын тілге тиек еттім. Ақсақал: «салтымызды біледі екенсің, қарағым!» деп риза болып қалды.

Кері мысал сияқты екінші бір жайтты да айта кетейін. Әкем айтқан сөз. Біздің Қордайдағы Аңырақай дала­сында қазақтардың жоңғарларды жең­гені белгілі. Күзде жоңғарлар өлген жауынгерлерін жерлеуге келіпті. Олар мүрделерді бір шұңқырға көміп үстеріне қанша адам көмілсе, сонша тас қояды екен. Сонда қазақтар олардың екі елшісін тамаққа шақырып, семіз серкенің етін береді. Көбірек тұздаса керек. Екі елші жолда шөлдеп бұлақтан салқын су ішіп, іштері қатып, қайтыс болады. Жоңғарлар қазақтарға келіп дау айтады: О заманда бұ заман елшіні өлтіргенді көрмедік, бұл қалай демей ме. Ас берген қазақ өз уәжін айтыпты. Бізде күзде семіз серке сояды, сендердің адамдарың серкенің етінен соң суық су ішкен, содан ішіндегі ет қатып қалған болуы керек. Жоңғарлар адамының ішін жарып көрсе қазақтардың айтқаны рас болып шығады. Сол кезден бастап ел арасында «Жаубүйректен жан қалмас» деген мәтел қалған екен. Ал қазақтар ешкі малын қазан айының 26-на дейін ғана сойған. Бұған қатысты бір мақал мынау: «Қазанда қарды таудың басында, ақырапта аяқтың астында көрдім» дейді. Қазақ осы уақыттан бас­тап (8 қараша) ешкінің етін жемейді. Аязға шыдамсыз терісі жұқа ешкінің арық еті қыстық азық бола алмайды, жеген адамдарға жақпайды.

Сулы, нулы жердің малы да қоңды, ондай малдың еті сіңімді. Осыған бір мысал. Төле би бабамыз Қаратал мен Іле бойын жайлап отырғанда Ұланбике деген қызы жалайырдың жігітіне тұрмысқа шығады. Төрт айдан соң Ұланбике енесіне: «Әкемнің тарғыл бұқасының басына жерік болдым», дейді. Енесі бұл хабарды еріне жеткізеді. Сонда отағасы қуанып: «Төле би құдамыз қызын бергенде, бұқасын да берер», деп үш жігітін құда ауылына жөнелтеді. Төле би оларды жақсылап күтеді. Олардың ішіндегі сөзге пысықтау жігіт: «Ата сүйінші, қы­зыңыз сіздің киелі тарғыл бұқаның басына жерік болды», дегенде Төле би қуанып: «Алла бұйыртса өмірге ұл бала келеді екен, бердім сұрағандарыңды», дейді. Құдаларына ат мінгізіп, шапан жауып шығарып салып тұрып бір өтініш айтыпты: «Қызым бұқаның қай жерін жейді, соны білдіре салыңдар», дейді. Қыз алыстан шолып жүріп тарғыл бұқаны көргенде қуанғаннан көзіне жас келеді. Бұқаны сойып етін жақсылап пісіреді, піскеннен соң қыз бұқаның таңдайын және желке құйқасын жеп жерігін басыпты-мыс. Бұқаны әкелгендердің біреуі Төле биге келіп бәрін бұлжытпай баян етеді. Сонда баба: «Бала суырыпсалма сөзге шешен, өзі батыр, елін, жерін қорғайтын батыр болады екен», деп жориды. Қызы ұл табады. Ол кезде қазақтар нәресте қырқынан шыққанша оған ат қоймайды. Төле би ойланып-толғанып бір ұлын құдаларға жұмсап сәлем айтады: «Құда ел-жұртын жиып, азан шақырып балаға Ескелді деп ат қойсын», дейді. Ондағысы жалайыр жұртына бас болатын иесі келді дегені екен. Ескелді сонда әрі батыр, әрі би болды (1692-1780). Балқаш көлі маңында жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресте Ескелді қол бастады. Ал 2000 жылы Президент Жарлығымен Алматы облысының Киров ауданы Ескелді ауданы болып қайта аталды. Салтына берік болған елдің ырымдап үміттенген ниеті ақ екен, ақырында ақиқат шындыққа айналды, ол күнді көзіміз көрді…

Қазақ ұғымында боз бие киелі жануар деп саналады. Себебі, ол құлын кезінде қара болады, құнанында бурыл тартады, ал 6-7 жасында боз түске енеді. Боз биенің сүтіне түскен адам сырқатынан айыққан, халқымыз боз биенің сүтіне шомылған адамға қайғы-қасірет жоламайды деп ырым еткен. Абылай ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге салып хан көтерген. Ұлы жеңістерге жеткен тарихи сәттерде қазақтар жеңіс құрметіне құрбандыққа әдейі арнап боз бие шалатын болған. Қазақ өзінің мыңдаған жылғы шаруашылық тұрмысы тәжірибесінен осындай тәлім алып, пайдасын көре білген.

Қазақ көп түйенің ішіндегі жалғыз өркешті ақ нарды киелі санаған. Абылай ханда да сондай бір киелі ақ нар болған деседі. Бірде үш жүздің басы қосылып жауға аттанарда Абылайдың ордасында күміспен қапталған қоңыр түсті те­генесінен қымыз ішіледі. Сонда Өте­ген батыр Абылайдың қымыз құй­ған тегенесін қалап алатыны бар. «Абы­лаймен бірге болдым, елімді сендірейін», деп айтқан болса керек. Абылай Өтегенді аға тұтқан жан екен, сөзге келместен қалаған тегенесіне киелі ақ нарын да қоса бергізіпті дейді ел аузында сақталған ескі аңыз. Абылайдың қымыз ішкен тегенесі Өтеген батырдың Қордайдағы ұрпақтарында бүгінге дейін сақталып келді, бұған өзім куә болдым.

Халықтық салт-дәстүр жайлы өмір­дегі, тұрмыстағы, қарым-қаты­настағы басқа да жағдайларға қатысты басқа да ғажаптарға ұласып кете беретін тылсым оқиғалар мен тәмсіл әңгімелерді бұл бұрынғылардың ертегісі деп жүре тыңдаған совет заманы енді кетті. Бірақ советтің салып кеткен тыйым заңдарының санадағы іздері толық өше қойған жоқ. Әлдебір қорқыныш, секемшілдік әлі де артқа тартып тұрады. 70 жылдан аса уақыт жасаған сол советтің салт-дәстүрінен көбінен әзер-әзер арылып келеміз. Одан халықтық салт-дәс­түр әлдеқайда ғұмырлы болып, тіптен, мәңгілік жасай беретініне көзіміз соңғы 25 жылда жетудей жетіп-ақ келе жатыр.

 

Нұрдәулет ӘЛІБЕКҰЛЫ,
Жамбыл облысының құрметті азаматы

Жамбыл облысы 

Дереккөз: egemen.kz

T. Кіршібаев