- Негізгі бет
- Жаднама
- Тартымды түйіндеме –...
Тартымды түйіндеме – жоғары жалақы кепілі
Жақсы жазылған түйіндеме жоғары төлемді жалақыға кепіл бола алады. Бірақ, көптеген адам түйіндемені қалай дұрыс жазу керектігінен бейхабар. Ақиқатында, оның еш қиындығы жоқ. Тек белгілі бір ережеге сүйене отырып жазылса болғаны.
Түйіндемеде жалған ақпарат көрсетіп, өтірік айтудың қажеті жоқ. Өзіңізді асыра мақтап, өтірікті шындай етіп құрап, шындықты мөлшерінен тыс айтудың қажеті шамалы. Себебі, жалған ақпарат болашақта мансабыңызға өз кедергісін келтіру мүмкін. Сондықтан да түйіндемеде тек шындықты көрсету керек.
Егер де сіздің түйіндемеңіз арқылы өзіңізді көрсеткіңіз келсе, әуелі өзіңізге баға беріңіз. Артықшылықтарыңызды тізіп шығыңыз. Жөн деп санаған қасиетіңізді түйіндемеге енгізіңіз.
Түйіндемеде артықшылықтар, білім мен кәсіби біліктіліктен басқа қызығушылық, жетістіктер пен қосымша ақпарат бөлігі толтырылуы керек. Тек оның өзін толтырғанда мұқият болған жөн. Осы ретте, оқырмандарымызға Массагет порталының арнайы дайындаған мысал-үлгісін ұсынамыз. Мына жерден жүктеулеріңізге болады.
Түйіндемені толтырып болғаннан кейін өзіңіз мұқият оқып шығып, сырттай бағалаңыз. Кем-кетіктер болса, түзетіңіз. Дұрыс құрастырылған түйіндеме болашағыңызға жол ашатынын ұмытпаңыз.
Түйіндемедегі суретіңіз сапалы, анық болсын. Және суреттегі фон сізді ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы тиіс.
Егер түйіндемеңіз қабылданса, жұмыс орны сізді сұхбаттасуға шақырады. Бұл кезекте көпшіліктің ішінен таңдалғаныңызды есіңізден шығармаңыз. Сұхбаттасу кезінде өзіңізді түйіндемеңізге сай етіп көрсете білуіңіз керек.
Сізге тосыннан түрлі сұрақтар қойылуы мүмкін. Сол сәтте еш тосылмай, ойыңызды еркін және анық айта білуіңіз керек. Жұмыс орны туралы ақпарат жинаңыз. Оған қоса, "егер қызметкер болып қабылдана қалсам, қандай ұсыныс ұсынамын?" деген сұрақтың жауабын ойлап барыңыз.
Сұхбатқа кешігу – сіз үшін үлкен сын. "Кешігіп қаламын-ау" деген күдік туса, оның алдын алыңыз. Мысалы, кептеліс кедергі болса, үйден сәл ертерек шығыңыз.
Жұмысқа қабылдаушымен сұхбаттасу аса маңызды екенін белгілі. Бірақ, ол үшін қобалжудың қажеті жоқ. Қатты алаңдап, саусақтарыңызды тырсылдатып, аяғыңызды тербету не дірілдету, қаламды тырсылдату әбестік болар. Қол-аяғыңызды айқастыру да сізге тән емес. Өзіңізді нағыз іскер екеніңізді отырыңыздан-ақ көрсете аласыз.
Жұмысқа қабылдаушы сіздің әр қимылыңыз бен сөзіңіге ғана емес, киім-киісіңізге де баса назар аударады. Сұхбаттасыңыз сізді алғаш көріп тұрған соң, сіз туралы жақсы көзқарас қалыптасуы керек қой. Киім кию этикетіне сәйкес, іскерлік стильмен, классикалық үлгіде киінгеніңіз дұрыс. Аяқ киіміңізде мін болмаса, тіпті жақсы. Бұл қырыңызбен ұқыптылығыңызды таныта аласыз. Қолыңыздан қойын дәптеріңіз бен қаламыңызды тастамаңыз.
Сурет: silicon.fr
Е. Жұмабайұлы