Сағызды шаштан кетіру жолдары

Сағызды шаштан кетіру жолдары

Ежелгі Грекия адамдары ауыздағы жағымсыз иісті кетіру үшін ағаштан шығатын қарамай шайнаған екен. Ал ХVІ ғасырда еуропалықтар шайнайтын темекі болған. Сағыздың арнайы шыққан уақыты ХІХ ғасыр делінеді.

Сағыздың Халықаралық ассоцияциясы (мұндай да бар екен!) деректеріне сүйенсек, америкалық жылына 182, британдық – 125, неміс – 102, қытайлық – 20 бума сағызды шайнайды екен. Осы сағыздың шашқа, аяқ киімге, киімге жабысып қалатын әдеті бар. Біз осы проблемадан толық арылуға көмектесу үшін осы материалымызды әзірледік.

Сағызды шаштан кетіру жолдары:

Баланың шашына сағыз жабысқанда ата-аналар бірден қайшыны алып, кесіп тастағысы келеді. Бірақ, оған асықпау керек. Шашты бүлдірмей-ақ кетірудің талай жолы бар. Мәселен...

Жержаңғақ пастасы мен өсімдік майы

Егер шашқа жабысып қалған сағыз кеуіп, қатып қалмаса оны жержаңғақ пастасымен оңай кетіруге болады. Оны тіс щеткасы арқылы жағу керек. Сағыз оның әсерінен жабысқақтығынан айырылып, сұйық бола түседі. Сосын тарақпен тарай салсаңыз кетіп қалады. Бұдан кейін шашты жуу керек.

Дәл осы әдіспен сұйық май арқылы сағызды кетіруге болады. Бұл жағдай тіптен оңай әдіс. Мына видеодан өздеріңіз де көре аласыздар:

Шашқа арналған силикон спрейі

Бұл спрейді қыздар шаш ұшының сынғыштығына қарсы қолданады. Бірақ оның шаштан сағызды ажырата алатын қасиетін көбі біле бермейді. Кетіру үшін жабысқан сағызға сол спрейді шашып, 1-2 минут уақыт күтуіңіз керек. Бұдан кейін сағызды қолмен-ақ алып, жуып тастасаңыз болады.

Вазелин мен майонез

Вазелин әрбір үйдің дәрі-дәрмек қобдишасында болуы керек. Сондықтан, бұл әдіс ең оңайы. Вазелинді жаққан соң шашты тарасаңыз, сағыз сол тарақпен бірге түсіп қалады. Мұнымен қатар, майонезді де шашқа жағып, дәл солай тарап көрсеңіз болады.

Желімді кетіретін аэрозоль

Желімді кетіретін аэрозольдің негізгі қызметі тырнақ өсіру кезіндегі жағылған желімді кетіру. Бірақ, оның шаштан сағызды кетіретін де қасиеті бар. Сондықтан, оны сағызға құйып, қолмен сүртіп алып тастауға болады.

Мұз

Өсімдік майлары сағызды жібітуге сеп болса, мұз керісінше – оны қатайтып тастайды. Оны 10-15 минутқа сағыздың үстіне қойыңыз. Сағыз қатайғанда оны сындырып, алып тастауға болады екен.

Ас содасы

Тағы бір оңай әдіс – ас содасын қолдану. Ас содасынан паста жасап алуыңыз керек: 1-2 ас қасық соданы 1-2 шай қасық суға араластырыңыз. Бұл пастаны сағызға жағып, оның құрғақ болып қалғанынша күтсеңіз, сағыз бір демде сынғыш қалыпқа енеді.

P.S. Біз ұсынған әдістер сізге көмектеседі деген ойдамыз. Келесі материалымызда сағызды киімнен және аяқ киімнен кетіру жолдарымен таныстыратын боламыз.

Оқи отырыңыз: 

Сағыз пайдалы ма, әлде зиян ба?

Сағыз ми жұмысын жақсартады

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: wikihow.com

А. Құлтай