- Негізгі бет
- Жаднама
- Өзіңізге жұмыс істеу...
Өзіңізге жұмыс істеу керектігін дәлелдейтін 6 себеп
Түлектер жоғарғы оқу орнын бітіре салып, жұмысқа кіруге асығады. Алайда кезекті материалымызда мұның аса дұрыс емес шешім екенін баяндаймыз. Ойыңызда "неге?" деген сұрақ тұрған болар. Жауабы өте қарапайым, бар болғаны өзіңізге жұмыс істеңіз. Сөзіміздің дәлелі ретінде 6 нақты себепті ұсынамыз.
Сіз тәулік бойы ақша табасыз
Әрине жалақысын уақтылы төлеп, еңбегіңізді бағалайтын жұмыстың еш жаманы жоқ. Оның үстіне үйде қол қусырып қарап отырғаннан сол жақсы. Бірақ жұмыс сізге істеген уақытыңызға ғана төлейді. Ал тәулік бойы жалақы алу туралы ой сізді қызықтырмай ма? Мысалы, жаңа іс бастау, инвестиция салу, сайт жасау, ойлап тапқан құрылғыңызды көпшілікке таныстыру және т.б. Осы аталғандардың барлығы сіздің қара күшпен емес, мимен жұмыс істеп, тәулік бойы ақша табуыңызға септігін тигізеді.
Жаңа іс бастау оңай шаруа емес. Алғашқы кезде жұмыс ерен еңбек пен көп уақытты, табандылықты талап етеді. Егер сіз бұлай қиналып барып, шыңға шығуға келіссеңіз, Бенджамин Франклин айтқан «Уақыт – ақша» деген сөздерді түсінесіз.
Барлық табыс тек өзіңізге ғана тиесілі
Қалыпты адамның жалақысы ай сайын төленетін пәтерақыдан, салықтан, тамақтан артылмайды. Тапқан ақшаның тез келіп, қолдың кірі секілді ағып кететіні осыдан. Егер қазір алып жүрген айлығыңызды жоғары деп есептесеңіз, қатты қателесесіз. Ол айлық сізге жеткенше біраз бөлігі қолды болады. Ал егер өзіңізге жұмыс істесеңіз, барлық табыс тек өзіңізге ғана тиесілі.
Табысты тек өзіңіз ғана реттеп отырасыз
Табыс көзін бірнеше есеге көтергіңіз келсе, міндетті түрде адам жалдайсыз. Қол астыңыздағы адамдарға талаптар мен міндеттемелер қою арқылы жұмысты қалай өрге бастыруға болатындығын басып айтасыз. Тапқан пайданы кімге, қалай, не үшін беретініңізді де өзіңіз шешесіз.
Қаржылай тәуелсіз болуды үйренесіз, білім аласыз
Көп жағдайда жастар жұмысқа бір себеппен кіреді, ол – тәжірибе жинау. Мұны тағы жоққа шығаратын бір ереже бар: өмір – сыншы, өмір – сабақ. Тәжірибе жұмысыңыздың бары мен жоқтығына байланысты келмейді. Сіз тәжірибе деп жүрген дүние, көп кешікпей қарапайым үрдіске айналады. Сол арада уақытыңыз текке кетіп, сан соғып қаласыз. Ойлап көріңізші. Бойыңызда қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз? Белгілі бір жұмысты өте жақсы атқарып, оны ақшаға алмастырғыңыз келе ме немесе қаржылай тәуелсіз болудың жолдарын үйренгіңіз келе ме?
"Әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа жоқ
Біреудің қол астында жұмыс істеген кезде сіздің басшыңыз болатыны анық. Ал егер басшыңыздың айтқанымен келіспей, өз ойыңызды ашық білдіре алмасаңыз, қандай күйде боласыз? Бұл көпшіліктің басынан өтетін жағдай. Келіспеушілік пен түсініспеушілік жұмысшыға қолайсыз жағдай тудырады. Ал өзіңіз бастық болсаңыз, сізге бұйыратын ешкім болмайды.
Тыныш ұйқы
Жанұяны бағып-қағу оңай шаруа емесі белгілі. Мына тұрақсыз заманда жұмыстан шығып қалу ықтималдылығы өте жоғары, сол себепті ертеңгі күнге күмәнмен қарайтын қарапайым жұртшылық уайымға салынады. Ал егер жеке кәсібіңіз болса, сіз жағдайды өз қолыңызға аласыз.
Қорытынды шығара келе әркімнің алдында өз таңдауы бар екенін айтқым келеді. Осыған байланысты Жан Поль Сартр өз уақытында: «Менің әрқашан таңдау жасау мүмкіндігім бар, алайда мен ештеңе таңдамасам да, сонысымен дұрыс шешім таңдағаныма сенімді боламын»,-деген екен.
Оқи отырыңыз:
Өмірімізге баға берудің ең қысқа жолы
Өмір сүру формуласы: жеңіс пен жеңіліс
Арманға жетуге кедергі болатын жалғыз нәрсе
Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Н. Нұрмаханұлы