Өмір сүру формуласы: жеңіс пен жеңіліс

Өмір сүру формуласы: жеңіс пен жеңіліс

Адам ешуақытта өзі ойлағандай бақытсыз болмайды жәні өзі қалағандай бақытты бола алмайды...

***

Өмірдің құндылығы оның биологиялық мағынасында – тек өмір ғана абсолютті құндылыққа ие және ол құндылығы бар барлық нәрсені туындатады. Күштің еркіндігі: кім жеткілікті күшке ие болса, еркіндікті жеңіп алуға және қорғап алуға кімнің күші жетерлік болса, соған еркіндік тән. Теңсіздік: адамдар бір-бірімен тең емес, олар әрқайсысында өмірлік қуатттың қанша қоры бар екеніне байланысты бір-бірінен төмен немесе жоғары болады.

Өмір – саяхат. Біздің жанымызда махаббат қаншалықты көп болса, біз төңіректегі әлемді өзімізге соншалықты бағындырамыз, сөйтіп жамандықты жақсылыққа айналдырамыз. Сырттай ренжуге, ұрысуға, түсінбеуге болады, ал ең бастысы, іштей адам жаны махаббатқа толы болсын. Иә, бұл өнерге бірден үйрену оңай емес.  

Құдай біреуді ақылды, біреуді ақымақ етіп жаратқан. Ақымақты жаратқаны ақылдының ақылды екенін аңғарту үшін керек болған. Ақылдының ақымақты қалай пайдаланғанынан оның қаншалықты ақылды екенін білуге болады. 

Өмір сүру формуласы: жеңіс пен жеңіліс – кезек. Сәтсіздік, жайсыздық, тіпті, бақытсыздық та кездесіп қалуы мүмкін. Олардың бәрін де көңілге ауыр алмаған абзал. Оны тек тәжірибе деп қабылдап, адам өзіне байланысты жағын қайталамауға тырысса – жетілуге ұмтылғаны. 

Мәселен, "Өмір сүруге зияныңды тигізбе" деп қойған дұрыс:

Рұқсат.

Өмір сүр.

Ізден.

Қимылда. 

Ойлан. 

Адам өз кемшілігін өзгенікін көргендей көрмейді, бірақ, өз жетістігін басқалар көріп тұрғаннан артық көреді.

Бір ойды, мәселені түсіндіргенде немесе дәлелдегенде: "Бұл маған керек емес, сіздерге керек" деу жөн емес. Қисынға салсақ, өзіне керек емес нәрсеге кісі араласпайды, я араласпауы керек. Керек емес нәрсеге дендеп еніп, бойға сіңіре алмайсың, оны көңілдегідей түсіндіріп, біреудің санасына ендіру одан да қиын.

* * *

Екі нәрсе есіңде болсын: лажы барынша мұң шақпа және ешкімнен ештеңе тіленбе. Көбісі мұңыңды бәрібір түсінбейді, сөз етеді, көңілің қалады. "Сұраушының сүйген асын кім берер" - дейді Мұқалағи. 

Энштейн өз заманында он өсиетке он бірінші өсиет қоспақ болыпты: "Қорықпа!" деген.

Толстойдың: "ойланған нәрсені ойлап нең бар, оны дайын күйінде ал да, әрі қарай тарт –деуінде үлкен мән бар. Іздеуші жалғыз біз ғана ма?...

Толстойдың жұмыс үстелінде аяқталмай қалған соңғы шығармасы: "Өмірде кінәлілер жоқ" деп аталады...

 * * *

Қызметіңнен бос кезде оқы, оқудан бос кезіңде қызмет қыл. 

Табиғат адамды өзгелерге жақындатады, әдет оларды бір-бірінен алыстатады. 

Көп күндер мен түндерде тамақ ішпей ойланып едім, сөйтсем, пайдалысы – оқу екен.

Сіздер "бізді бағаламайды" деп шағынасыздар. Егер сіздерді біреу бағалай қалғанда, оны сіздер қалай пайдаланар едіңіздер?! 

Ата-анаңнан онша ұзап кетпе. Алыс кетуге мәжбүр болсаң, хабар алып тұр. 

Ата-анаңды аяла, олардың бетінен алма. Олар сенімен келіспесе, қарсылық көрсетпе. Бұл жолда шаршасаң да төз. 

Әрбір адам өзінің әділеттілігіне қарай қателеседі. Адамның қатесіне үңіліп қарасаң оның қаншалықты әділ екенін білуге болады. 

Ой болмаса, оқудың керегі жоқ. Оқусыз ой қауіпті.

Мұның бәрін кім айтқан десеңіз, данышпан Конфуций айтып кеткен екен...

автор: Әкежан Дәкен

сурет: vk.com 

Л. Лига