Өсекке қалмас үшін не істеуге болады?

Өсекке қалмас үшін не істеуге болады?

Дана халқымыз «Әзілде кек жоқ, өсекте шек жоқ» деп бекер айтпаса керек. Өйткені өсек сөзге қалған адам, әдетте, масқара болады. Өкінішке орай, қоғамымызда ондай жандар аз емес. Олар біреуді кекетіп-мұқатудан немесе жалған сөз таратудан алдына жан салмайды. Ал аңқау, аңғал кісілер болса, істің мән-жайына қарамастан қауесет сөздерге тез нанады. Дәл осылай өсекке қалмас үшін не істеу керек?

Өсектен біржола құтылу мүмкін емес. Бірақ, оны ең төмен деңгейге дейін жеткізуге болады. Төменде өсекті қалай тоқтату керектігі немесе өрбітпеудің жолдары қарастырылған.

Біріншіден, өсекті өзіңіз айтпауыңыз қажет. Өйткені, егер сіз біреудің кем-кетік тұстары мен артықшылығын құмарлана айтатын болсаңыз, ерте ме, кеш пе өсекке қалған кісі оны міндетті түрде естиді. Ал ол адам кейін сізге жауап қайтарудан тайынбайды.

Екіншіден, егер сіздің құрбыңыз немесе танысыңыз сізді үшінші адам туралы өсек айтуға итермелесе, тезірек әңгімені басқа жаққа бұрыңыз. Себебі, өсек үстінде үндемей тыныштықта қалып қойсаңыз, сырт көзге біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Бұл түсініспеушілікке алып келеді.

Үшіншіден, егер сіз отырған ортада өсек айтылып жатқан болса, өсекшіге біреуді мінеп-сынауға болмайтынын жылы шыраймен тіке айтқаныңыз жөн. Сын сөзді айтқан кезде сөзіңіз неғұрлым қарапайым және айыптаушылық белгісі еш байқалмайтындай болуы тиіс. Себебі, артынан өзіңіз де өсек астында қалып қоюыңыз мүмкін.

Ең бастысы адам бірізді, сабырлы және өзіне сенімді болуы шарт. Осы амалдарды іс жүзінде орындағаннан кейін тәсілдердің пайдаға асқанын бірден сезесіз. Бертін келе сіздің әріптестеріңіз сізді сыйлы адамдардың қатарына қосатыны сөзсіз.

Оқи отырыңыз: 

Өсек айтуға неге құмармыз?

Жұмыста өсек айтуға бола ма?

Өз-өзіңді тәрбиелеуге арналған кеңестер

Тәрбиелі адам мен мәдениеттілік деген ұғымдарға не кіреді?

Дайындаған: Жұлдыз Телемісова

Сурет: ladymag.net

Н. Нұрмаханұлы