Неліктен танымал тұлғалар жаяу серуендеуді ұнатқан?

Жаяу жүру – өміріңіздің ажырамас бөлшегіне айналуға тұратын ең пайдалы әдет. Стив Джобстан Чарльз Дарвинге дейінгі ұлы тұлғалардың көпшілігі жаяу серуендеуді ұнататын.

Massaget.kz сайтының журналистері де жаяу жүруді әдетке айналдырған және сіз де солардың қатарына қосылсын деген мақсатпен серуендеудің адамға тигізер пайдасының тізімін жасап, сіздерге ұсынып отырмыз.

1. Креативтілікті арттырады

Серуен кезінде ми сюрреалисті ойлауға бейім келеді. Креативтілік арнасынан тасып, бұлқына бастайды. Мұны жақында ғана Стэнфорд университетінің ғалымдары жүргізген тәжірибе жұмысы дәлелдеді. Зерттеушілердің айтуынша, жаяу жүру шығармашылық қабілетті 60%-ға арттырады, ол тек сол уақыт аралығында ғана емес, одан кейінгі бірнеше сағат бойы сақталады.

Оның үстіне, серуендеу кезінде адамдардың 81%-ы өзін шығармашылық адамы секілді сезінген. Сондықтан, құрметті оқырман, креативті идея жетіспей жатқан жағдайда дереу Алматының (өзіңіз тұратын қала) көшелеріне романтика іздеп шығыңыз.

2. Көңіл көтеріледі

«Бізді қоршап тұрғанның бәрі – сұлулық, бірақ оны ұғынуды үшін бақшаларда жиі серуендеу керек».

Руми

Философия ғылымдарының докторы, «Calm Energy» кітабының авторы Роберт Тайердің айтуынша 10 минуттық серуен 2 сағатқа жетердей көңіл-күй сыйлайды екен. Сол себепті, өзіңіздің еңсеңіз түсіп, құлазығаныңызды байқасаңыз, саябақ аралаңыз.

3. Өміріңіз бен өзіңізді жете түсінуге үйретеді

Біреу мән іздеп әлек, біреу жан іздеп әлек, біреу нан іздеп әлек... Жұрттың бәрі әбігер, әйтеуір...

Өміржан Әбдіхалықұлы

Біздің өміріміз  расымен де әбігерлік пен қарбалысқа толы. Үнемі күйіп-пісіп жүрген бір адам. Осындай тынымсыз тірлікті ұмыту үшін жаяу жүріп қайтыңыз. Ол сізге сәл тыныстап, айналаға көз жүгіртіп, әлемнің сұлулығы мен өмірдің “дәл осы” сәтін сезінуге мүмкіндік береді. Адамдардан, техникадан бір сәт алшақтаңыз. Арпалыстар мен жанталасулардан айығыңыз.

4. Әңгіме әлдеқайда әсерлі болады

Кездесуді серуенмен өткізу романтикаға толы сәттердің бірі емес пе?!
Дегенмен, кәсіби кездесулерді де серуендеу арқылы өткізетін тұлғалар болады екен. Ол Стив Джобстың бастамасымен жүзеге асқан. Ол маңызды мәселелерді серуен барысында талқылайтын болған. Себебі, жаяу жүру барысында адам өзін ресми кездесудегідей емес, әлдеқайда бақытты сезінеді. Яғни, мәселені шешу соншалықты қиын көрінбейді. Сондықтан, ол міндетті түрде өз жемісін береді.

6. Денсаулыққа пайдалы

«Ең ұлы ойлар серуендеу кезінде келеді»

Фридрих Ницше

Біз көп уақытымызды қозғалыссыз өткіземіз. Кеңседе де, үйде де, оқу орнында да... Дәрігерлер оның денсаулыққа өте зиян екенін айтады. Сондықтан, жаяу жүру басты байлығыңызды сақтап қалуға әсер етері анық.