Күйзеліске ұшыраған адаммен сөйлесу

Күйзеліске ұшыраған адаммен сөйлесу
Фото: bowenpress.com

Күйзеліске ұшыраған адам кез келген нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын, сезімтал боп келеді. Кейде дұрыс айтылмаған бір сөз оның жан дүниесін тас-талқан етуі мүмкін. Бұл оның ең көңілсіз шағы. Мұндай жағдайда жай ғана онымен жылы қарым-қатынас жасау керек. 

Біз бүгін депрессия дерті меңдеп, жалғаннан баз кешіп жүрген жақын адамыңызбен қалай сөйлесу керектігі жайында ой өрбітпекпіз. 

«Ештеңе етпейді. Кейбіреулердің мәселесіне қарағанда сенікі түк те емес» 

Бұлай деп айту бір қарағанда орынды секілді көрінеді. Ол сізге: «әлдекімдердің мәселесі көптігінен менің қиын жағдайым жоғалып кетпейді» – дейтіні анық. Оданда, «саған қиын екенін көріп, менің де жаным ауырып тұр. Қандай көмек көрсете аламын?» – деңіз. 

«Маған сенші, ертең бәрі дұрыс болады» 

Есіңізде болсын, күйзеліс бір күнде кетіп қалмайды. Керісінше, жақыныңызға (досыңызға) «қадамдар жасау арқылы бірте-бірте оңалады, ал мен әрдайым сенің жаныңнан табыламын» деңіз. 

«Өмір әділетсіз» 

Өмірдің әділетсіздігін айтып, тағдырды тілдей жөнелгеніңізден досыңыздың жағдайы жақсармайды. Оның орнына «бұлай болғанына өз-өзіңді кінәлаудың қажеті шамалы. Барлығын бірге өткереміз» – деп айтыңыз. 

«Сен бұған көнуің керек...» 

Күйзелістегі адам көп жағдайда онымен күресуге дәрменсіздеу келетіні бар. Бар күш-қуаты кетіп, жігері уатылып, көнуден басқа амалы қалмағандай күйге түседі. Сіз оған «сен бұл қиындықпен жалғыз күресуге тиісті емессің. Мен саған көмектесемін» деуіңіз қажет. 

«Өмір жалғасады» 

Иә, расында да өмір жалғасын табатыны анық. Сіз жылады екен деп тіршілік деген өзен ағысын тоқтатпайды. Бұлай айтуыңыз арқылы оның осы бір дертке көнуіне әсер етуіңіз ғажап емес. Жай ғана: «тіршілікте өмір сүруге болатын маңызды да құнды дүниелер бар екенін есіне сап, ашылмаған әлемді бірге ашсақ қалай қарайсың?» – деп айтып көріңіз. 

«Қиналысыңды жақсы білемін. Бір кездері менің де басымнан өткен» 

Әр адам күйзеліспен әртүрлі күреседі. Біреуі бірден есін жиса, енді бірі бірте-бірте өзін қалыпқа келтіреді. Дәл осылай айту сізге оңай. Депрессия көңілсіз күнге қарағанда сәл күрделірек. Оданда былай деңіз: «Осындай жағдай өзге біреудің басына берсе, көтере ала ма, жоқ па, белгісіз. Мен сенің мықтылығыңа қайранмын».

Ж. Жұмағұлов