- Негізгі бет
- Жаднама
- Жастарға айтар 101...
Жастарға айтар 101 ақыл #8
Алтын-күміс арқалаған бір бай алысқа қуаныш іздеп жолға шығыпты. Бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бірақ, іздеген қуанышын таба алмапты.
Бір күні киімі алба-жұлба, ән салып келе жатқан бір егіншіге кездесіпті. Бай одан қунышты жүрудің сырын сұрапты. Диқан күліп: "Онда тұрған не бар дейсің, сен тек арқаңдағы жүгіңді тастасаң ғана болғаны", – депті. Бай сонда барып ақылына келіпті де: "Рас-ау, зілдей ауыр жүкті арқалап белім опырылар болды, қоналқыларда алтын-күмісіме алаңдап көз ілмеймін, жол жүрсем ұры-қарылар жолыға ма деп қорқамын, мұндай жағдайда мен қалайша қуанышқа бөлене алмақпын?", – деп ойлапты.
Егер бай жүгін шешіп, алтын-күмісті кедей-кепшікке үлестіріп берсе, арқасындағы ауыр жүктен құтылып қана қоймай, жайраңдаған қуанышты жүздерді көріп, өзі де қуанышқа кенелер еді ғой.
Қуаныш бізден алыс емес, біз көбінде өзімізбен қуаныштың ара қашықтығын шамалай алмаймыз. Қуанышқа кенелу қиын емес, мәселе, біздің қарапайым тірлікті білмейтінімізде.
Бала кезіңде арқаңдағы жүгің жеңіл болған соң көңілді өтесің. Жылдардың жылыстауымен жол бойынан қолыңа ілігетін нәрсе көбейіп, дорбаң толып, салмақ артып, жайдары күндерің ғайып болады. Сен дорбаңа салғанымның бәрі абзал дүниелер деп ойлайсың, ал осы "абзал" дүниелер сенің көңіліңді байыз таптырмайды.
Тәттіге құмар бір бала үшін таудай алтын мен жалғыз тал тәттінің парқы болмайды, ол қуана салады.
Тамағы тойса болды мама сиырлар таудың беткейінде күнге қақталып, күйіс қайтарып жата береді. Африка құрлығындағы арыстандар да тойып алған соң жанында семіз бөкендер ойнақ салып жүрсе де пысқырып қарамайды.
Бір жазушы Швейцария сиыры мен Африка арыстанының тірлік философиясына тәнті болыпты. Ол: "Егер саған қажетті үш бөлке болса, төртінші бөлке үшін жасаған құлшынысың ақымақтық болар", – депті.
Сондықтан, көңілді жүруіңе арқаңдағы басы артық жүгің себепші (кедергі) болады. Бұл – тілегіңмен байланысты. Басы артық жүкті арқалап алатын тілегіңді қоя білсең, тың байқауға қолың жетеді.
Оқи отырыңыз:
Эмиль Беккет. Жастарға айтар 101 ақыл #1
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: jh-a.or.jp
M. Auelkhan