- Негізгі бет
- Жаднама
- Демалысқа дәрі қорабын...
Демалысқа дәрі қорабын жинайық
Экзотикалық мемлекеттерде дәріхананы кез келген жерден табу қиын және тіл білмей қажетті нәрсені табу да оңай емес. Сонымен қатар, тапқан дәріңіздің бағасы едәуір қымбат болуы әбден мүмкін. Сондықтан демалысқа басқа мемлекетке барарда дәрі қорабын үйден толықтырып алған жөн.
Ең алдымен өзіңіз әрдайым қабылдайтын дәріні ұмытпаңыз. Жолда жоғалып, сынып немесе бүлініп қалу жолдарын ескеріп, оны артығымен алып, ұқыптап ораған дұрыс.
Егер тамақты тойып жегенді жақсы көрсеңіз, ас қорытуға көмектесетін дәрі алыңыз.
Бас ауруы немесе тіс ауруына, тіпті, қандай да бір жарақат болып қалса, ауырсынуды басатын дәрі артық болмайды.
Ауа райын бірден ауыстырғандықтан, ағза қорғанышы төмендейді. Оның үстіне көпшілік жағажайдан соң салқындатқыштың (кондиционер) астында отырып қалады. Сондай кезде тұмау белгілеріне арналған дәрі-дәрмектер қол астында болған жақсы.
Туған жерде еш аллергияңыз болмаса, ол басқа жерде бұл жағымсыздықтан сақтануға кепіл емес. Демалыста түрлі затты ұстап көргендіктен немесе жегендіктен, аллергия беруі әбден мүмкін. Сондықтан өзіңізбен бірге аллергияны басатын дәрі алыңыз.
Солтүстіктен басқа жерге демалуға барсаңыз, жәндік шағуға қарсы дәрі алыңыз.
Жабыстырғыш пен бинт секілді сыртқа қолданатын құралдарды да алған жөн. Дәріханалардан олардың жолға икемделген, шағын, ыңғайлы түрлерін сұраңыз. Мысалы, йодтың фломастер түрі бар.
Қажетті бірнеше кеңес:
– Жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Әсіресе, үйдегі дәрі қорабынан алатын болсаңыз, ол ұзақ жатып қалған болуы мүмкін;
– Дәрінің неше қаптамасын алу керек? Фармацевтердің кеңесі бойынша, әр дәріні екі адамға екі күнге жететін етіп алу керек;
– Әр мемлекетте медициналық құралдарды кіргізудің өз ережесі бар екенін ұмытпаңыз. Бізде әр дәріханада сатылатын кей дәрілер, шекарадан тыс жерде есірткі немесе психотроптық саналуы мүмкін. Мысалы, Еуропада «анальгинге» тыйым салынған. Сондықтан, алдын ала тексеріп алыңыз;
– Сақтау шартын оқыңыз. Тоңазытқышта сақтау керек дәрілерді алмаңыз;
– Сұйық дәрінің орнына ұнтақ немесе таблетка түрін алыңыз. Сұйық дәрі ашылып, киімдеріңізді бүлдіруі мүмкін.
А. Жапатова