- Негізгі бет
- Жаднама
- Ақша үнемдеудің сегіз...
Ақша үнемдеудің сегіз тәсілі
Әлемдік дағдарыс барлық жанұяға әсер етері хақ. Айналамызда қарыздан-қарызға батып, өз дағдарысынан шыға алмай жүрген жандар қаншама? Біріншіден, алдыңызға мақсат қоя біліңіз және өмірге оптимистік көзқараспен қараңыз! Ешқашан «Ақша жоқ!» деп айтпаңыз. Осы күнге тәубе деп, төмендегі қағидаларды ұстанып жүрсеңіз, дағдарыстың сізді айналып өтеріне сеніңіз!
♠ Шығынды алдын-ала жоспарлаңыз
Шығындарыңызды күнделікті жоспарлау сізді жалықтырып жіберуі мүмкін, әйтсе де, бұл далаға шашылған артық ақшаны азайтудың ең тиімді жолы. Бұл тәсіл арқылы ойда-жоқта жасалған сауда мен мақсатсыз жұмсалған қаражаттың қатары сирейді. Әрі осы әдіспен ақшаның басым бөлігі қайда кететінін біліп отырасыз.
♠ Сауда жасар алдында ойланыңыз
Алатын заттарыңызды тізімдеп алыңыз. Үйде не бар, не жоғын анықтап, параққа жазып алыңыз. Ғаламтор арқылы сауда жасауды үйренсеңіз, тіптен жақсы. Сізге тек бір-ақ рет көмегі тиетін заттарды сатып алмас бұрын ойланыңыз.
♠ Затты екінші бір затпен алмастырыңыз
Бірінің орнына бірін пайдалануға болатын заттар тұрмыста өте жиі кездеседі. Мәселен, «Парацетамол» дәрісі мен лимон қосылған шай «Терафлю» ұнтағының, супермаркеттен алынған пакеттер қоқыс пакеттерінің орнын алмастыра алады. Осындай жағдайларды ескерсеңіз, ақшаңыз қалтаңызда қалатынын естен шығармаңыз. Кейбірі сізді «жұмыртқадан жүн қырыққан» деп ойлауы мүмкін. Дегенмен, ақша үнемдеудің ешқандай ұяты жоқ. Бұл – үнемделген қаражатыңызды сақтап, жазда демалуыңызға бірден-бір мүмкіндік.
♠ Денсаулығыңызды күтіңіз
Суық күні шашымызды жуып алып, құрғатпастан далаға шығып кетуді доғару керек. Бас киім киіп, қалың киініп, қол-аяғыңызды жылы ұстаңыз. Ата-анаңыз айтатын «сұлуынан жылуы» деген қағиданы ұстансаңыз, дәріханаға барып, артық шығынға ұшырамайсыз. Оған қоса, оқуда немесе қызметте жүріп ауырсаңыз, ойға алған істеріңіздің кейінге шегеріліп қалатынын ұмытпаңыз.
♠ Қарапайым дүниелерді үйреніңіз
Су құбырының шүмегінен аққан суды тыю үшін ақылы арнайы мамандарды шақырудың қажеті жоқ. Ғаламтордан нұсқаулығын көру арқылы техникалық кілтпен жөндеңіз. Бұл тек бір ғана мысал, қысқаша айтқанда, үйде бар затты тиімді пайдаланыңыз. Бұл сізге тек қана ақша үнемдеуді үйретпейді, ептілігіңіз пен қолыңыздан келетін істердің саны артады.
♠ Коммуналдық төлемдерді қысқартыңыз
Яғни, тағы да үнемдеу әдісі арқылы коммуналдық төлемдерді де азайта аласыз. Жарықты қажет емес кезде өшіріп жүру, кешкі аста шырақ жағып, романтикалық кеш жасау, т.б.
♠ Епті болыңыз
Қолдан бұйым жасауға қабілетіңіз болса, тіптен жақсы. «Темірден түйін түйген» қазақпыз ғой. Босаған дүниелерді кері өмірге әкеліп, қоқыс жәшігіне емес, тағы да пайдаңызға жаратыңыз.
Cурет: mariourueta.com
Оқи отырыңыз:
1. "Доллар" сөзі қалай пайда болды?
2. Қажетті ақпаратты есте сақтаудың әдістері
3. Уақытыңызды тиімді пайдаланыңыз
4. Жазуды күнделікті әдетке айналдыру үшін не істеу керек?
Е. Жұмабайұлы