"Тірі қалуға мүмкіндік жоқ". Әлемдегі ең ерте туған егіздер қазір қандай?

"Тірі қалуға мүмкіндік жоқ". Әлемдегі ең ерте туған егіздер қазір қандай?
Фото: guinnessworldrecords.com

22 аптада дүниеге келген канадалық әпкелі-інілі Гиннес рекордтар кітабына тірі қалған әлемдегі ең ерте туған егіздер деп енгізілді. Сәбилер сау, бақытты және өздерінің алғашқы туған күнін тойлап жатыр.

Өкінішке қарай, мұндай ерте мерзімде босану қайғылы аяқталады: әдетте, жаңа туған сәбилер шетінеп кетеді. Бірақ канадалық сәбилердің жолы болды.

Адия және Адриал Надараджа мерзімінен 128 күн бұрын дүниеге келді. Бұған дейінгі рекордты 2018 жылы Айова америкалық штатында мерзімінен 125 күн ерте туған егіздер орнатқан болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, егер сәбилер 22 аптадан бір сағат бұрын болсын ерте туса, олардың өмірін құтқарып қалу үшін ешқандай шара қолданылмайтын еді. Әдетте, жүктілік 40 аптаға дейін созылады. Яғни, сәбилер дүниеге 18 апта бұрын келген.

Егіздердің анасы Шакина Раджендрамның 21 апта және 5 күнде бірінші толғағы басталған кезде дәрігерлер оған сәбилер "өмірге қабілетсіз" және олардың  "тірі қалуына мүмкіндік жоқ" деп айтқан. Бұл Шакинаның екінші жүктілігі болатын, бірінші баласынан ол Онториодағы осы ауруханада  айырылған. Дәрігерлер оның егіз сәбиін де құтқару мүмкін емес екенін айтқан.

Балалардың әкесі Кевин Надараджа да ауруханада оларға мұндай ерте жүктілікпен көмектесе алмайтынын айтқанын еске алады. Бірақ, бақытына орай, бұл жұп Торонтодағы Mount Sinai перзентханасына ауыса алды. Бұл жерде жаңа туған сәбилерге арналған қарқынды терапияның арнайы бөлімі бар болатын.

Бұл жерде Шакинаның жүктілігі 21 апта және 6 күн болатын. Оған дәрігерлер егер сәбилер 22 аптадан бірнеше минут бұрын дүниеге келсе де, оларға көмектесуге тырыспайтындарын айтқан.

Қанның көп кетуіне қарамастан, Шакина балаларды тағы бірнеше сағат "ұстай" тұруға барынша тырысқан. Түнгі сағат 12-ден 15 минут кеткенде оның суы кеткен. Бұл 22 аптаға кіргеннен кейін екі сағат өткен кез еді.

Адия мен Адриал 2022 жылдың 4 наурызында дүниеге келді. Адияның салмағы бар болғаны - 330 г болды және інісінен 23 минут бұрын туды. Ал Адриалдың салмағы - 420 г. Олардың жалпы салмағы - 750 г. Олар - әлемдегі ең кішкентай жаңа туған сәбилер.

Дәрігерлер Шакина мен Кевинге медициналық көмектен бас тарту жайлы сұрақты ойлану жайлы бірнеше рет ұсыныс жасаған. Бірақ дәрігерлер мүмкін қауіптерге мән берген кезде Шакина мен Кевин прогреске назар аударды. Олар күнде 12 сағат егіздермен отырып, қолдарын ұстап, ән айтқан.

Адиа 161 күннен кейін қарқынды терапия бөлімінен шығарылды, ал Адриал бір аптадан соң шықты.

Қазір Адиа мен Адриал 1 жаста, олардың денсаулықтарында проблема болғанымен, олар өздерін жақсы сезінеді.

"Біз балаларымыздың көз алдымызда өлуге сәл қалғанын қанша рет көрдік", - дейді егіздердің анасы.

Олар дәрігерлердің бақылауында болғанымен, егіздерде "бәрі жақсы".

Шакинаның айтуынша, Адия ауруханадан шыққан соң "өте жақсы" өскен және оның жасына сай келетін барлық көрсеткішке жеткен. Ал Адриал екі рет ауруханаға оралған: ол жұқпалармен және респираторлық аурулармен күрескен. 

А. Жапатова