Адамдар неге ұйықтап жатып сөйлейді?

Кей адамдар ұйықтап жатып сөйлейді де, таңертең ол туралы ештеңе білмейді. Бұл жағдайды медицинада сомнилоквия деп атайды.

Әдетте, ұйықтап жатып сөйлейтін адамдар өз монологтарын 30 секундтан артық жүргізбейді. Бірақ кейбіреулер бір түнде көп рет сөйлейді. Кейде олар өз-өздерімен әңгімеліп жатқандай көрінеді. Ал басқа жағдайларда олар айналасындағылармен әңгіме айтып жатқандай сезім болады. Ұйықтап жатып сыбырлап сөйлейтіндер де бар, бірақ кейін ол дауыстап сөйлеп кетуі әбден мүмкін. 

Адамдар неліктен ұйықтап жатып сөйлейді?

Көптеген адам өмірінде бір рет болсын ұйықтап жатып сөйлейді, ал әлемдегі 1,5% адам күнде сөйлейді. Түнде бұлай сөйлеу адамға терең әрі тыныш ұйықтауға кедергі келтірмейді. Түнде сөйлеу ұйқының барлық жағдайында және стадиясында бола бере алады. Өкінішке орай, сомнилоквияның неліктен пайда болатынына нақты жауап беру мүмкін емес.

Мысалы, ол ұйқының жалпы бұзылуымен, дәрілер ішумен, күйзеліспен, созылмалы шаршаңқылықпен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ оған апноэ және жарақаттан кейінгі бұзылыс себеп бола алады. Ішімдікке салынған және психикалық белсенді заттар көп ішетін адамдар да ұйықтап жатып жиі сөйлейді.

Ұйықтап жатып сөйлеуді адамдардың ұйқы кезінде қалыпты ұйықтауға сәйкес келмейтін қозғалыстар жасаумен, яғни парасомниямен де байланыстырады. Олардың ең танымалдарына айкезбе мен түнгі қорқыныштар жатады.

Ұйқы кезінде ересектерге қарағанда балалар көбірек сөйлейді. Егер ата-анасы ұйықтап жатып сөйлесе, бұл әдет балада да қалыптасуы мүмкін.

Ұйықтап жатып сөйлеген адамның тек шындықты айтатыны рас па?

Ұйқы кезінде сөйлеп жатқан адамнан барлық құпияны біліп алуға болады деген кең тараған аңыз бар. Ол үшін оның шынашағынан ұстап, оған сұрақ қою керек.

Алайда, бұл өтірік. Мұндай ақпарат алу әдісі жұмыс істемейді. Оны 2017 жылы Францияда жүргізіліп, Sleep журналында жарияланған зерттеу дәлелдеді. Дегенмен, зерттеушілер бірнеше қызықты факт анықтады. Мысалы, ұйқы кезінде өте жиі айтылған сөз — «жоқ». 26% сөйлеу эпизодтары сұраулы екпінде болған. Бірақ ұйқы кезінде сөйлейтін адамдардың басым көпішілігі санасыз сөздер мен дыбыстар айтатыны анықталған.

Сомнилоквияға тап болсаңыз, не істеу керек?

Өзіңіздің ұйқыңыз жақсы қануы үшін және сізбен бірге тұратын адамдарды мазаламас үшін бұл проблемамен күрескен дұрыс. Ол үшін алдымен сомнилоквияның пайда болу себебін анықтау керек. Қандай да бір уақыт бойы ұйқы журналын жазып жүріңіз. Оған күнде қанша ұйықтайтыныңызды, тәуліктің қай уақытында ұйқысыздықпен жолығатыныңызды, қай уақытта қорқынышты түстер көретініңізді немесе сағат нешеде оянып кететініңізді жазып тұрыңыз. Содан соң осы журналмен дәрігерге барыңыз. Сол кезде дәрігерге проблеманы түсіну және пайдалы әрі тиімді ұсыныстар айту жеңілірек болады.

Сондай-ақ күні бойы тап болатын күйзелістер мен жүктемелерді барынша азайтуға тырысыңыз. Егер ол мүмкін емес болса, босаңсу техникаларына жүгініңіз және кешкісін жиі демалуға тырысыңыз. Ұйқы сапасын жақсарту үшін спортпен айналысуды ұмытпаңыз. Жаттығуға, созылуға немесе таза ауада серуендеуге күніне 15 минут бөлудің өзі жағымды нәтижелер береді.

Түнгі сөйлеумен күресуде ескеру керек тағы бір жайт — ұйқының дұрыс кестесін құру: күнде бір уақытта жатып, бір уақытта ояну. Ұйқы жетіден тоғыз сағатқа дейін созылуы керек.

Ұйықтауға бір сағат қалғанда смартфон экраны мен теледидардан демалу керек. Ұйықтар алдында жүйке жүйесін қоздыратын және жарқын эмоциялар сыйлайтын нәрселермен шұғылданбаңыз. Мысалы, компьютерлік ойындар ойнамаңыз, қорқынышты фильмдер көрмеңіз және сюжеті еліктіргіш кітаптар оқымаңыз.

Түнде ми күні бойы алған ақпаратты өңдейді. Сондықтан ұйқы сапасы мен түс сипатына ұйықтар алдында не істегеніңіз тікелей әсер етеді.