Телефонмен сөйлесу әдебін білеміз бе?

Ұялы телефон – сымсыз байланыстың ең озық әрі қолжетімді түрі. Қазіргі кезде қалта телефоны зор маңызға ие. Адамдар телефонмен тек сөйлесіп қана қоймайды, ондағы күнтізбесін, оятқышын, еске салғышын, сағатын және т.б. пайдаланады. Айта берсең алақандай ғана телефонның мүмкіндіктері көп. Телефон арқылы қарым-қатынас жасау мәдениетінің басты талабы – тек ойлауға ғана емес, ойды баяндауда да мейлінше қысқалық, жинақылық, нақтылық әрі айқындылықты сақтау. Телефонмен сөйлесу ұзақ кідірістерсіз, басы артық сөз, оралымдарсыз, сондай-ақ артық эмоцияның қатысынсыз өткені жөн.

Телефон арқылы байланысты жұмыс барысында жиі қолданушыларға өзге де бірқатар талаптарды ескеруге тура келеді. Себебі сізбен телефон арқылы сөйлесуші адам осы дидарласу сәтіне толық сипаттама беретіндей сіздің қандай орында, қандай жағдаятта сөйлесіп тұрғаныңызды білуге мүмкіндігі жоқ. Адамның телефон тұтқасын тез көтеруінің де көп мәні бар. Бұл қарсы жақ сөйлеушіңіздің қаншалықты дәрежеде уақытының қат екендігін, қаншалықты дәрежеде өзгенің хабарласуына қызуғышылық танытатындығын аңғартады.

Тәжірибеге сүйенсек, телефонмен сөйлесе білу этикасының бірден-бір маңызды қағидалары бар: Олар мынадай:

- Егерде қоңырау шалған адамыңыз сізді бұрын білмейтін болса, алдымен өзіңізді таныстыруды және не мәселе төңірегінде білгіңіз келетініңізді айту орынды. 

- Сіздің телефон соғуыңызды күтіп отырған жағдайда хабарласпай қалу өрескел қателік болып есептеледі. Мүмкіндік туған мезетте-ақ қоңырау шалу керек;

- Егер әңгіме ұзаққа созылатын болса, онда дидарласушыларыңыздың асықпай сөйлесе алар уақыт мезгіліне орай өзара хабарласуға келіскен дұрыс;

- Аузыңызды тағамға толтырып алып ешқашан сөйлеспеңіз. Әңгіме барысында бір нәрсені сораптау не шайнаңдап тұру орынсыз;

- Егер сіз бір телефонмен сөйлесіп жатқан тұста екінші телефон звондап жатса, ең дұрысы алғашқы әңгімені мүмкіндігінше аяғына жеткізіп, содан кейін ғана екінші қоңырау шалушыңызбен хабарласқан дұрыс. 

Ұялы телефонды қалай қолдану керектігін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес еді. Біз телефонды қолдану кезінде ескеретін жағдайларды айтқымыз келіп отыр. Қалта телефонын адамдар үнемі қасында алып жүруі керек. Себебі, бір танысыңыз маңызды шаруалармен қоңырау шалса, сіз алмасаңыз, біріншіден ол кісінің ашуын келтіресіз, екіншіден, дер кезінде тұтқаны көтермесеңіз кейіннен кеш болып қалуы мүмкін. Қоғамдық орындарда да сөйлесуге болмайды. Өзгелерге кедергі келтірмес үшін тасалау жерге немесе адамдар аз орындарда сөйлесіңіз. Қоғамдық көліктерде немесе көпшілік орындарда жүргенде қоңырау шалса, жұмысын қаншалықты маңыздылығын біліп алып, сәлден кейін қоңырау шалсам бола ма деген өтініш жасғаныңыз абзал. Не болмаса белгілі бір уақыттан кейін қайта хабарласа аласыз ба деген өтініш айтып көріңіз. Ең бастысы көпшілікке зияныңыз тимесе болды.

Қазіргі таңда әлем ғалымдары ұялы телефонның адам ағзасына зияны көп деп дабыл қағуда. Ғалымдардың айтуынша, ұялы телефондардың электромагниттік сәулелері жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер етеді. Дей тұрғанмен де ұялы телефон бүгінгі адамдардың ажырамас бөлігіне айналды. Керек десеңіз баз біреулердің жұмысы ұялы телефонсыз бітпейтін жағдай туды. Қысқа қайырғанда ұялы телефон айтарлықтай маңызға ие.

Жолдаған: Ғалия Абулбакиева