Ұстазым менің, ұстазым...

Ұстаздар күні мектеп оқушылары үшін оқу жылының басындағы басты мерекелердің бірі. Күнде көретін мұғалімдерін құттықтап, арнайы концерттер ұйымдастырылады, гүлдер сыйлап, жылы тілектер айтылады.

Ал мектепті баяғыда бітіріп кеткен жастар үшін бұл бұрынғы мұғалімдерінің қызықты қылықтары мен өмірлік сабақтарын бір рет еске алып, толғанатын күн. Бүгін Массагет порталының оқырмандары мен ұжымы өздерінің естерінде қалған ұстаздары жайлы сөз толғайды.

Меруерт Сағындықова:

"Бір қызық апайымыз болған еді. Бізге үнемі ұрсып, "Менің қайран бұрынғы сыныбым...", – деп айтушы еді. Бір күні сол бұрынғы сыныбында оқыған балалар апаймен амандасуға келгенде, бізге шағымданып, "Мынау неткен кілең оқымайтындар жиналып алған сынып", – деген. Олардың күлгенінен апайымыз алдыңғы сыныбына да бұрын дәл солай ұрысқанын түсіндік. Сөйтсек, апайымыз алдыңғы сыныпты қазіргі оқушыларына үлгі етіп ылғи айтады екен. Студент болып біз барған сайын бізге сонда отырған сыныбын жамандайды...

 

Жалпы мұғалім тек қана мұғалім емес, ол – тәлім-тәрбие беруші, психолог, дос, мектептегі екінші анамыз. Кішкентай кезімде мұғалім тек сабақ беретін адам деп ойлаушы едім. Бірақ ол әр уақыт керек кезде көмегін аямай, ақылын айтып, жол көрсетіп отыратын дана адам екендігін кейін түсіндім. Талай белестерді бағындырып, жетістіктерге жетуге итермелеген де осы ұстаздарым болған. Оларға айтар алғысым шексіз. Барлық ұстаздарды мерекелерімен құттықтаймын!".

Айгерім Сматуллаева:

"Ұстаздардың қадірін мектепте жүргенде біле бермейді екенсің, қазір ғой, оларды түсініп, одан әрмен жақсы көріп кеттім. Алғашқы ұстазым – Мұсаева Нағима апай. Сыныпқа кіргеннен апайдың айқайын естіп өттік, төртінші сыныпты бітіргенше, көбейту кестесін жаттамағанда бұрышқа да тұрып көрдік. Апай мені ылғи мұғалімдер бөлмесінен журнал әкелуге жұмсайтын, соны пайдаланып, жол бойы өзімнің емес, басқалардың бағасын көріп келіп айтып беретінмін. Біреулер екілігін естіп жылап та қалатын. Апайдың үйі мектепке жақын болатын. Біз екіде басталатын сабаққа бір болмай келіп алып, апайдың есігінің алдына барып отырып алатынбыз. Мақсат – мектепке кіріп алу, есіктің аузындағы кезекшілер кіргізбейтін, ол жерге кезекші болу үшін он бір болмай келіп алу керексің (қазір есіме түскен сайын «Ненің азабы еді?» деп рақаттана күліп аламын). Содан апай шыға салысымен, біріміз сөмкесіне, біріміз дәптерлеріне, енді біріміз етегіне жабысатынбыз. Нағима апай – өте өнерлі кісі болатын, ән салғаны, билегені керемет еді. Әр мерекеге өзі дайындайтын. Әсіресе, ұлдармен вальс билемеймін деп жылағандарымызға өлтіріп тұрып ұрысатын. Дәл қазір қатты сағынып отырмын...".

Айжан Құлмұханбетова:

"Бізге физика мен астрономия сабағын жүргізген Сырым ағай өте қатал еді, бәріміз одан қатты қорқатынбыз. Бір күні Сырым ағай астрономиядан сабақ түсіндіріп жатып: "Ана жұлдызды қараңдар", – деп біздің арт жағымызды нұсқап көрсеткендей болды. Біз бәріміз жамырап арт жағымызға қарасап едік, ағайымыз: "Ей, түн ішінде аспанға қараңдар, жұлдыздар тал түсте кабинетке кіріп кеткен жоқ қой!" – деді күліп".

Абзал Сариев:

"Мектеп" десе, есіме оң қолын көтеріп (сол қолын оның шынтағына қойып) «Апай, апай, мен айтайыншы» дей беретін бала кезім есіме түседі. Сыныптастарым әлі күнге дейін осыны айтып күледі. Жаңағы "Апай мен айтайыншының" екпінімен, оң қолымды көтерген күйі Апайдың жанына, тақтаға дейін барып қалады екенмін. Кімнен сұрау керек екенін Апайдың өзі білетінін біліп тұра, түрі жаман шыдамсыз едім. Сабақ сұрамаған күні бұртиып, өкпелеп қалған кездерім де болған. Кейде Апай сұрақ қойып «Кім айтады?» дегенде менен сұрамай қойса айғайлап, «Оның жауабы түген...» деп жіберетінмін. Шыдай алмайтынмын. Өміріңдегі ең қызық сәттердің біразы барлық баланың мектепте оқып жүрген шағында өтетін шығар... Басымнан өткен «бұзық Абзалдың» оқиғасын айтып берейін.

9-10 оқып жүрген шағымыз. Шетімізден бұзықпыз. Бір жақсысы сыныпта кезекшілік болатын. Сол кезекшілік таңнан ерте келіп, тақтаны сүртуден басталып, бормен қамтамасыз ету, үзілісте тазалықты сақтау, соңында еденді жуып кетумен аяқталатын. Сол еден жуу бір қиын үрдіс етін, әсіресе ер балалар үшін. Онсыз да бір қыз, бір баладан тұратын кезекшіліктің алдын ала барлық тапсырмалары қарастырылып қойылған: жігіттер шелекпен су әкеледі, қыздар шылапшынмен еден жуады, жігіттер лас суды мектеп артындағы апанға апарып қайта төгеді...

Мен кезекшілік ететін күндердің бір күнінде, қарастырылған тәртіппен шелекпен су әкелдім. Гүлжан (сыныптасым) сыныптың еденін әдемілеп жуды. Сыныбымыз мектептің артқы жағына қарайды, тиісінше терезесі де. Сосын, мен әлгі лас суды анааау жақтағы апанға апарып төгуге ерініп, терезеден төгіп жібергем ғой. Бастысы, еш ойланбастан, бейқам. Құдай-ау төменге үңіліп қарай салу деген де жоқ. Кеееріліп тұрып терезеден суды төгіп болғаным сол еді... Ар жақтан айғайлаған дауыс естілді... Денем мұп-мұздай боп кетті. Себебі, ана дауыс біздің мектептің ееееең қатал мұғалімі, мектептің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары Елена Васильевнаның дауысынан айнымайды. Амал жоқ, азғантай ғана секундтың ішінде жүйрік ойым қаншама шапса да, не де болса «Терезеден қарау керек» деген тұжырымға келе берді. Ал, қарап қалсам, дәл сол... Елена Васильевна...

Дүркіреген дауыс - жер көкті жарып, көкпардың дүбіріндей мектепті айналып, алдыңғы есіктен кіріп, 3-ші қабатқа көтеріліп, біздің кабинетке кіргенше жаңғырып тұрды. Шіркін тамағы қарылмады бірақ. Сыныпқа кіріп келді де: « #$%^&();L**&$&#(!!!»...

Ертесі директор кабинетіне шақырды. Мәдениетімнің төмендігіне емес, сабақ үлгеріміме де емес, директор өзінің маған ғана арналған лекциясын тек «Бұлай жасау дұрыс емес» атты тақырыпта өрбіп, өте қысқа уақыт алып, соңында орысшалап қалай кешірім сұрау керектігін үйретуімен аяқталды. Кешірім сұралды. Сұралғаным берілді де. Қазір бәрі дұрыс. Сыныптастарымның басы сәл жиналып қалса, «Есіңде ма Абзалдың Елена Васильевнаны душқа түсіргені» деп әзілдеп жатқаны".

Мені оқытқан барлық мұғалімдеріме шексіз алғысымды айтып, сіңірген адал еңбектері үшін алдарында мәңгілік тағзым етемін! Мейрамдарыңызбен, Аяулы ұстаздар!"

Ал сіздердің ұстаздарыныңыздың қандай қызықты қылықтары бар еді?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: kargoo.gov.kz