Ақтөбеде танымал ресейлік блогерді соққыға жығып, тонап кетті

Ақтөбеде белгісіз біреулер ресейлік танымал YouTube-арнаның авторы, саяхатшы блогер Артур Странникты соққыға жығып, тонап кеткен, - деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.

Саяхатшы велосипедпен Қазақстан, Моңғолия арқылы өтіп Алтайға барғысы келген.

"Мен Байкал көліне барамын. Мақсатыма жету үшін үш ел (Қазақстан, Моңғолия, Ресей) арқылы өтемін. Осы саяхаттан барынша эмоция алғым келеді", - деді ол.

Блогер өз арнасында үш видео жүктеп, солардың бірінде Ақтөбеде тоналғаны туралы хабарлады.

"Мені Қазақстанда, Ақтөбеде тонап кетті. Қазір мен Ресейге келдім. Жолыма билет алатын ақшам да болмады, полиция ақша беріп Орынборға әзер жеттім", - деді саяхатшы Артур.

Оның айтуынша, ол кешке Ақтөбеде қыдырып жүргенде белгісіз бірнеше ер адам соққыға жығып, велосипедін, iPhone телефонын, саяхатқа салынған ақшасы тартып алып кеткен. Өзінде тек құжат, видеокамера және қалтадағы 2000 теңгесі қалған.

Артур полицияға хабарласқан. Шабуыл жасағандар үш күн бойы іздестірілген, бірақ әлі де табылмаған.

"Велосипед ұрлау дерегімен Қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық" бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соталды тергеу барысында жәбірленуші мас күйінде болғаны, оқиғаның барлығын есіне түсіре алмағаны анықталды. Велосипедті іздестіру бойынша жедел шаралар қабылданды", - деді Ақтөбе қаласы ПД.