Nokia бес камерасы бар смартфон шығарды

Nokia брендімен өнім шығаратын Финляндияның HMD Global компаниясы жаңа смартфондарын MWC 2019 мобилді көрмесі кезінде таныстырды. Жаңа смартфонның ерекшелігі - артында бес камерасы бар, - деп хабарлайды The Verge.

Nokia 9 PureView – бес камерасы бар алғашқы смартфондардың бірі. Бес камерасы да 12 мегапикселден. Оның үшеуі монохромды болса, екеуі – түрлі түсті. Барлығының жиынтығы арқылы сурет сапалы әрі анық шығады.

Смартфон Qualcomm Snapdragon 845 платформасымен жабдықталған. Аккумуляторының қуаты - 3,32 мың А/сағ. Жедел жады - 6 гб, ал ішкі жады 128 гб-ны құрайды. Арнайы құлаққап жалғағышы жоқ.

Nokia 9 PureView өткен жылы таныстырылуы керек болған. Алайда сурет сапасын арттыру мақсатындағы бес камераны біріктіру үшін жоспардан артық уақыт кеткен.

Жаңа смартфон наурыз айында АҚШ-та сатыла бастайды. Бастапқы бағасы 699 доллар (262 125 теңге) шамасында болмақ.