Apple Стив Джобс дәстүрінен бас тартты

Apple корпорациясы iPhone 8 смартфонының таныстырылымын 12 қыркүйекте жасайды. Іс-шара Тынық Мұхиты уақыты (PST) бойынша таңғы сағат 10-да басталады. Бұл жылғы ерекшелік жаңа смартфон таныстырылатын мекенде болып отыр.

Apple басшылары жыл сайынғы дәстүрден ауып, iPhone 8 смартфонын компанияның жаңа штаб-пәтері Apple Park территориясында ұйымдастыруды жөн көріп отыр. Ресми ақпаратқа орай, қонақтар компанияның негізін салушылардың бірі Стива Джобс (Steve Jobs Theater) есімі берілген аудиторияға жиналады.

Ресми емес дереккөздерге сенсек, iPhone 8 мобильді аппаратының алдыңғы панелі толығымен OLED-экранмен жабдықталады. Сонымен қатар, жаңа iPhone сымсыз қуаттау және биометрикалық анықтау жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Ал алдыңғы камерасы инфрақызыл сенсоры негізінде жұмыс істейді.

Айта кетсек, Осыған дейін шығарылған iPhone модельдері Сан-Франциско қаласындағы Bill Graham Civic Auditorium ішінде таныстырылған. Бұл дәстүрді Стив Джобстың өзі бастаған болатын. Енді осы жылы сатылымға шығатын жаңа смартфон Силиконды алқаптағы Apple корпорациясының жаңа кампусында таныстырылмақ.