Футболшылар енді смарт-жейдемен алаңға шығады

Технология әлемінде қолданбалы электрониканың беделі асып келеді. Apple компаниясы ақылды сағатын ресми таныстырғалы смарт-гаджеттер нарығына көптің назары ауа бастады. Айта кетсек, Англия астанасы Лондонда өткен қолданбалы электроника көрмесінде смарт-киімнің жаңа үлгілері қойылды. Испандық FirstV1sion компаниясы футбол жанкүйерлеріне ойынды футболшының көзімен көру мүмкіндігін сыйламақ. Нақтырақ айтсақ, футболшылардың жейдесіне ыңғайлы камераларды орнату жоспарланып отыр.

Стартап-компания өз жобасына 5 миллион еуро қаржы бөлуді ниет етіп отыр. Әзірге жергілікті Telefonica телекоммуникациялық компаниясы FirstV1sion компаниясының 7% акциясы үшін 60 мың еуро ұсынды. Одан бөлек, бұл жобаны испандық «Барселона» футбол клубының жартылай қорғаушысы Андрес Иньеста құптап, технологияның промоутері болмақ.

FirstV1sion футболшы жейдесінің кеудесіне орнатылатын камераның түсіру сапасы жоғары болатынына сенім білдіріп отыр. Стартаптың ресми сайтының жазуынша, камера ойын барысында футболшыға еш кедергі болмайды және оның эмоциясын жанкүйерлерге жеткізе алады. Арнайы жейдедегі экшн-камера түсірілген ақпаратты радиожиіліктегі технологияның көмегімен 100 метр радиус шеңберінде ешқандай кідіріссіз тарата алатын болады.

Қазіргі нарықта GoPro экшн-камералары жоғарғы беделге ие. Бірақ олардың көлемінің үлкендігі кәсіби футбол ойындарын түсіруге қолайсыз. Сондықтан испандық стартап-компанияның әзірге смарт-киім технологиясы нарығында үлкен мүмкіндіктері бар. 

Сурет: tecnopolismag.com

Оқи отырыңыз: 

BMW көліктерін смарт-көзілдірікпен басқаруға болады

Кеңсе жұмысына арналған смарт-үстел шығарылды (Видео)

Apple қыркүйекте iWatch смарт сағатын таныстырады

TAG Heuer классикалық сағаты «смарт» үлгіге ауысады