Apple жаңа iPad-ты 21 қазанда таныстырады

Apple жаңа iPad-ты 21 қазанда таныстырады

Жуырда ғана Apple өзінің ең алып жобасы аясында iPhone 6, iPhone 6 Plus және Apple Watch өнімдерін ресми таныстырған болатын. Ендігі кез силикондық брендтің планшеттеріне келді.

The Daily Dot басылымы тікелей ақпарат көзіне сілтеме жасай отыра, Apple өзінің кезекті таныстыру күнін 21 қазанға белгілеп отырғанын хабарлайды. Жаңа гаджеттер қатарында iPad Air планшетінің екінші, ал iPad mini-дің үшінші нұсқалары болмақ. Сонымен қатар, компания OS X 10.10 Yosemite платформасының соңғы нұсқасын да көпшілік қауымға таныстырады деп күтілуде.

Ескере кететін жағдай, өткен жылы да жаңа планшеттердің тұсау кесері қазан айында өткізілген болатын. Демек, Apple ешқандай кешіктірулер алып отырған жоқ.

Мамандардың көзқарастарына сенсек, iPad Air мен iPad mini алдынғы нұсқаларына қарағанда көп өзгеріске ие емес. Бірақ екі планшет те А8 процессорымен жабдықталмақ. Одан бөлек, Touch ID саусақ ізін анықтау қызметі мен жаңартылған камераға ие болады. Ал дисплей көлемі мен камера мүмкіндіктері өзгермейді.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.macrumors.com

Ж. Өрісбай