Apple-дің онлайн сатылымдары шектен тыс көбейіп кетті

Жуырда таныстырылған iPhone 6 смарфондарына онлайн тапсырыс беру шегі артып кеткендіктен, ресми сайттар техникалық проблемаларға тап бола бастады. Соның өзінде смартфонның 5,5-дюймді нұсқасының барлық қоры таусылып қалды, деп хабарлайды MacRumors.

Apple компаниясының ресми сайтында хабарланғандай, iPhone 6 Plus фаблетіне тапсырыс берілген бойда, оны 3-4 апта көлемінде күтуге тұра келетін болады. Ал 4,7-дюймді нұсқасына тапсырыс түсетін болса, 7-10 жұмыс күні аралығында жеткізілетін болады.

Apple ұсынған жаңа смартфонның екі нұсқасы да келесі жұмадан бастап (19 қыркүйек) барлық ресми дүкендерде сатылымға шығарылатын болады. Онлайн тапсырыстың алқымына қарайтын болсақ, ресми дүкендерде де смартфондар көпке дейін сақталмайтын сияқты.

iPhone 6 белгілі байланыс операторларымен келісілген түрде 16 ГБ нұсқасы $199-ға, ал 64 ГБ нұсқасы $299-ға сатып алу мүмкіндіктері болады. Смартфондар Gold, Silver және Space Gray түрлерінде шығарылған. Сонымен қатар, Apple компаниясы жылдың соңына дейін өзінің жаңа өнімінің 80 миллион данасын әлемнің 150 елінде сатуды жоспарлап отыр.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ilenta.com