Астана қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ХVІІ Халықаралық «Шабыт – 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымы бойынша жеңімпаздар анықталды. Жыр додасының Гран-при жүлдесін иеленген түркістандық талантты жас ақын Батырхан Сәрсенханды сөзге тартқан едік.
Он жетінші поэзия маусымында ерекше талантымен көзге түскен жас ақын Батырхан Сәрсенхан: «Жалпы «Шабыт» фестивалі тасқа тұнған бұлақтың көзін ашуға бағытталған бірегей сайыс. Биылғы жыр додасында Жұмекеннің «Қай төбеде туған жер деп мақтануға жарайды» дегеніндей, қай ақын да өз биігінде құлаш сермеді. Ақ залды жаңғыртқан қоңыр дауыстар қазақ сахарасының шылау басып жатқан қорымдарын қайта оятқандай әсер етті. Өзіме ерекше ұнаған ақындардың жырын жаттап алатын әдетім бар. Сол шайырлардың өлеңін өзіне жатқа айтып, әрі қанатынан қар бораған қасқаларды көріп көңілім марқайып, мерейім өсіп қалғаны жасырын емес. Алланың әмірімен маған бас жүлде бұйырды. Бұл мен үшін қуаныш та емес, қайғы да емес. Бақ бикеш кімнің маңдайынан сипамай жатыр. Рас, бұл – болашағыма артылған үлкен жауапкершілік! «Батыр қайнауда, Батырхан майданда шынығады». Заңғарларға бастаған ұлы жолға түскен алғашқы жалғызаяқ соқпағымды көрем. Шығармашылығымның басты кредосы – өмірдің мәнін іздеу. Жаны отызында опат болып, тәні сексеннен аса жерленетін адамзат ғұмырын зерттеу, мен үшін мұнаралы тақырып. Соңғы сөзім: «Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос, озсаң да олжалысың, озбасаңда олжалысың!», - дейді.
Сәрсенхан Батырхан Бөріханұлы 1995 жылы 28 наурызда ОҚО, Ордабасы ауданы, Ақпанбатыр ауылында туған. Қазір Түркістан қаласындағы ХҚТУ-дың журналистика факультетінің 3 курс студенті.
Ол Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының 1-дәрежелі дипломанты; Республикалық «Махамбет оқуларының» лауреаты; Республикалық KATEV байқауының лауреаты; Республикалық Қожаберген жырау мүшәйрасының 2 орын иегері; Облыстық «Шырайлым-Шұбайқызылым» атты ақындар байқауының бас жүлдегері; М.Мақатаев, Қасымбек Дәрібаев атындағы жас ақындар байқауының бас жүлдегері; Аудандық «Ата заңым-алтын діңгегім», «Туы биік, тұғыры мығым - Тәуелсіздік» атты мүшәйралардың жеңімпазы.
Massaget.kz сайтының оқырмандары Батырхан Сәрсенхан шығармашылығымен өткен жылы таныс болды. "Алматыға бар дейді, сүйікті анам..." деген тақырыпта жарық көрген Батырханның өлеңдері сол кезде көпшілік оқырманның ықыласына бөленген болатын.
Сурет: ©Мassaget.kz