- Негізгі бет
- Жаңалық
- ҚызПУ-да өткен мүшәйраның...
ҚызПУ-да өткен мүшәйраның бас жүлдесін ҚазҰУ студенті алды
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты республикалық жыр мүшәйрасының марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
ҚызПУ-дың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жыр бәйгесіне еліміздің әр аймағынан 70-ке жуық ақынның өлеңдері келіп түсті. Мүшәйра шартына сай 18 жастан асқан кез келген ақын өлеңдерін бүркеншек ат арқылы жіберуі тиіс болатын. Жіберілген екі өлеңнің бірі Қыздар университетінің 70 жылдығына арналса, екіншісі еркін тақырыпта, бірақ Қазақ қызының жиынтықталған бейнесіне арналып жазылуы қажет болатын.
Қазақ қызына деген құрметті, ұлттық мәдениет пен рухани құндылық мәртебесін арттыруды, ұлт анасына, ұрпақ тәрбиешілеріне, ана-ұстаздарға, қыз-келіншектерге деген ілтипатты кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан поэзия байқауы өз үдесінен шықты.
Қазылар алқасының төрағасы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы:
«Менің бұл мүшәйраға қазылық етуім қызық болды. Ұйымдастырушылардың мүшәйраны жабық түрде өткізуге тырысқандары соншалық, өзімнің қазылар алқасының төрағасы екенімді кештеу естідім. Бұл деген – осындай бәйгелерде коррупцияның орын алмауы үшін істелген өте бір жақсы іс. Бұған қатты қуанып қалдым. Бес адамнан құралған қазылар алқасы бірнеше сағаттап, тіпті, түнімен отырып, барлық өлеңдері асықпай оқып шықтық. Ақындар мүшәйраға бүркеншек атпен қатысқан екен. Сол дұрыс болды. Біз ақындардың шынайы аты-жөні жазылған конвертті ашқан жоқпыз. Мүшәйра әділ өтуі үшін әдейі солай істедік, – деп қадап айтты.
Жұмабай Шаштайұлы жүлде алған ақындарды бүркеншек есімі арқылы сахнаға шақырып, шынайы аты-жөні жазылған конвертті көрермендердің көзінше ашты.
Мүшәйраның жалпы жүлде қоры 1 миллион 140 мың теңгені құраған болатын. Бас жүлдеге тігілген сома – 500 мың теңге.
Сонымен «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасынның жүлдегерлері төмендегідей:
Ынталандыру жүлдесі – «Ақтан Қоңыр» лақап атымен «Айқын» газетінің шолушысы, ақын Төреғали Тәшенов (30 000 теңге);
Ынталандыру жүлдесі – «Құлагер» бүркеншік есімімен белгілі ақын Әлібек Шегебай (30 000 теңге);
Ынталандыру жүлдесі – «Аякөз ару» бүркеншік есімімен Сүлейман Демирел атындағы университеттің студенті Айгерім Қуанышбаева (30 000 теңге);
3-орын – журналист Төлеубай Ермекбаев (Азамат);
3-орын – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Манас Қайыртайұлы (бүркеншік есімі - Қыдыр) (50 000 теңге);
3-орын – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биылғы түлегі Бауыржан Мырзақұл (бүркеншік есімі - Бейдауа Мырзами) (50 000 теңге)
2-орын – белгілі ақын Ауыт Мұхибек (бүркеншік есімі - Оқжетпес);
2-орын – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биылғы түлегі Бекзат Смадияр (бүркеншік есімі – Тәңірберді Бек) (100 000 теңге)
1-орын – «Ақниет» лақап атымен ақын Ғалым Қалибекұлы (200 000 теңге);
Бас жүлде – «Асыл Аян» бүркеншік есімімен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті Айбол Исламғалиев (500 000 теңге)
Кеш барысында барлық жүлдегерлер өз өз өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты.
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Мassaget.kz
Н. Айдархан