"Астана" Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты

"Астана" Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты
Фото: vesti.kz

"Астана" футбол клубы Данияның "Мидтьюлланд" командасына қарсы қарымта кездесуде тең ойнап, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты.

Хернинг қаласында өткен ойын 0:0 есебімен аяқталды. Ойыншылар гол соғып, көзге түскен жоқ. Дегенмен 19 минутта Жуниор Кабананганың тепкен добы қақпа сызығынан өткендей көрінген. Қақпашы Йеспер Хансен допты торға жеткізбей қайтарып үлгерді. Ал бас төреші Хуан Мартинес пен қапталдағы көмекшілері гол соғылғаны жайлы шешім қабылдаған жоқ.

Екінші тайм басында алаң иелері "Астана" қақпасы алдындағы қарбаласта гол соқты. Бас төреші бұл сәтте Ненад Эричке қарсы ойын ережесі бұзылғанын аңғарып, голды есепке алған жоқ. 79 минутта елордалық команданың қарымта шабуылы қарымды шыққан еді. Алайда Серікжан Мужиковтың тепкен добын Йеспер Хансен қайтарып үлгерді. 0:0 есебі сақталып, "Астананың" асығы алшысынан түсті.


Естеріңізде болса "Астана" өз алаңында өткен алғашқы ойында "Мидтьюлландты"
2:1 есебімен ұтқан болатын. Ол ойында елордалық ұжым сапында Ласло Кляйнхайслер дубль жасаса, дат командасы қатарынан Густав Викхейм бір голды еншісіне жазған-ды.

"Астана" Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияның "Динамо Загреб" командасымен ойнайды. Алғашқы ойын 7 тамыз күні Астанада, қарымта кездесу 14 тамызда Загребте өтеді.

Н. Үсенова