- Негізгі бет
- Жаңалық
- Дүниені өзгертетін 10...
Дүниені өзгертетін 10 кітап
Жуырда, Ұлыбританияның «Daily Telegraph» газеті ең жақсы 10 шығарма тізімін атады. Газет эксперттерінің мәлімдеуінше, дәл осы аталған шығармалар әлемді өзгерте алған, уақыт диірменінен өте алған дүниелер болып есептеледі екен. Бұл тізімде өкінішке орай Қазақ әдебиеті жоқ. Дегенмен де, жаһанды өзгертуге септігін тигізген романдар тізімін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Оның ішінде ағылшын авторлары жетеу болса, ежелгі грек, орыс, француз авторлары бір-бірден.
10-орын. Джордж Элиот. «Милдлмарч»
Ағылшын жазушысы Джодж Элиотттің (Мэри Энн Эванс) бұл романындағы кейіпкерлер дүниені махаббат, мейіріммен өзгертуге талпынады. Шығарма кейіпкерлері Ұлыбританияның Милдлмарч қалашығында танысады. Олардың әрбірі өз мақсатына жету жолында күреседі. Кітап 1871-72 жылдары басылып шыққан. Шығарма желісінде 1994 жылы фильм түсірілген.
9-орын. Гюстав Флобер. «Бовари ханым»
Француз жазушысының бұл романы алғаш рет 1856 жылы «Реьвю де Пари» журналында жарияланды. Осы шығармасы үшін авторға көптеген сын тағылғанымен де, әлемнің бірнеше әдебиеттанушылары романды жоғары бағалап, авторға жылы лебіздерін білдірді.
8-орын. Уильям Теккерей. Менмендік жәрмеңкесі. Кейіпкерсіз роман
Ағылшын жазушысы Уильям Теккерейдің Наполеон соғысы жайлы бұл шығармасы алғаш рет «Панч» сатиралық журналында жарияланған. Шығармаға Эмилия мен Ребекканың мінсіз достығы арқау болған. Роман 1911-2004 жылдар аралығында 10 рет экранизацияланған.
7-орын. Лев Толстой. «Соғыс пен бейбітшілік»
Орыс және әлем әдебиеті қазынасынан ойып тұрып орын алған «Соғыс пен бейбітшілік» эпопеясы (1863-69) Толстойдың ең ірі шығармаларының бірі боп есептеледі. Кейбір сыншылардың автор бұл шығармасымен өз дәуірінде орын алған қиындықтардан қашты деп есептесе де, жазушы «Соғыс пен бейбітшілік» арқылы өз заманындағы өзі қатысқан оқиғаларды жан-жақты суреттеп бере алды. Ең негізгісі, автор бұл шығармасымен Наполенның 1805-07, 1812-14 жылдардағы жорығын негізге ала отырып, көптеген кейіпкер қатысқан, ірі оқиғалармен бірге кейіпкерлердің ішкі психологиясы шебер үйлескен тарихи-роман жанрына жол салды. Аталған шығармада 550-ден аса кейіпкер бар, олардың 200-ден артығы тарих болған адамдар. Роман-эпопея 1913-2016 жылдар аралығында 11 рет экранға жол алған.
6-орын. Чарльз Диккенс «Дэвид Копперфильд»
Бұл шығарма – Чарльз Диккенстің автобиографиялық романы. Алғаш рет 1849 жылы жарияланып, 1850 жылы жеке кітап болып басылып шыққан. Автор аталған романында сол уақыттағы әлеуметтік мәселелерді суреттеген. Дэвидттің басынан шытырман оқиғалы көптеген қиындықтан өтіп, соңында жазушы болады. Автор шығарма арқылы арманын жоғалтпаған адамның түптің түбінде жеңіске жететіндігін айтқысы келген. «Дэвид Копперфильд» 1911 жылдан бері бірнеше рет экранизацияланған.
5-орын. Шарлотта Бронте. «Джейн Эйр»
Ағылшын жазушысы Шарлотта Бронтенің романы алғаш рет 1847 жылы Каррер Белл деген бүркеншік атпен жарыққа шықты. Шығармадағы бас кейіпкердің сезімі, дүниені таза қалпында қабылдауы оқырманға таңдай қаққызады. Роман желісімен бірнеше фильмдер мен сериалдар түсірілген.
4-орын. Джонатан Свифт. «Гулливердің саяхаттары»
Джонатан Свифттің бұл шығармасы – балаларға арналған роман. Әйткенмен де, бұл туындыдағы оқиғалар үлкендерді де терең ойға қалдыратын философиялық шығарма. Аталған роман сол уақыттардағы ағылшын қоғамының көлеңкелі тұстарын ашып көрсетеді. Гулливер бірінші жорығында лилипутияға (кішкентай адамдар), екіншісінде, Лапутаға (гигант адамдар елі), үшіншісінде бірнеше елге, төртіншісінде ақылды аттар еліне саяхат жасайды. Автор сол саяхаттар арқылы ағылшын әлеуметтік қоғамын, соғыстар, судьялардың парақорлығын астарлы түрде суреттейді. 1902-2010 жылдар аралығында бірнеше рет экранизацияланған шығарманы қазақ тілінде А. Құрмансейітованың тәржімалауымен оқи аласыздар.
3-орын. Джейн Остин «Тәккапарлық пен жаңылыс»
Ағылшын әдебиетінің бірінші Ледиінің бұл шығармасы 1796-97 жылдары жазылса да, баспа тарапынан келіспеушіліктер болып, ұзақ уақытқа дейін басылмай келді. Тек, 1813 жылы ғана жарыққа шығады.
2-орын. Энтони Троллоп. Барсетширс хроникасы
Ағылшын жазушысының алты бөлімнен тұратын бұл шығармасы «Викториан дәуіріндегі» ең озық романдарының бірі болып есептеледі. Шығарма негізінде 1982 жылы фильм түсірілген.
1-орын. Гомер. «Иллиада және Одиссея»
«Иллиада және Одиссея» поэмаларының нақты авторының кім екені белгісіз. Бірақ, көптеген антик жазбаларда оны Гомер деп есептейді. Тарихта бұл дау «Гомер мәселесі» деген атпен қалған. Біз де осы соқыр түйсікке иланамыз. Шығарма сюжеті Троя соғысын бейнелеген. Соғыстағы батырларды, олардың айлакерлігі мен ерлігін тілге арқау етеді. Шығармада аңыз-әпсанадан бөлек нақты оқиғалар да кездесіп отырады. Аталған шығарманың прозалық нұсқасын белгілі ғалым-жазушы Ақсеуле Сейдімбектің «Троя сұрапылы және оның батырлары», «Одиссейдің бастан кешкендері» аудармасымен (Жазушы баспасы,1974) қазақ тілінде оқи аласыздар.
Т. Раушанұлы