Аяқсыз қалған романдар

Аяқсыз қалған романдар

Аяқталмаған кітап – оқырман үшін нағыз өкініш болса, филолог үшін марапат. Оқырман асыға күткен роман түйінінің орнына жалғасы жоқ сюжетке тап болса, филолог бірегей әдеби-тарихи құпиямен кездеседі.

Аяқталмаған кітап – сонымен қатар, көбіне жылдар бойы жиналған даналық пен шеберлікті қолдана отырып жазуға талпынатын соңғы кітап болып келеді. Назарларыңызға әдебиетке белгілі  болғанымен сол күйі аяқталмай қалған романдарды ұсынамыз.

"Алданған ұрпақ"

Оралхан Бөкей

“Алданған ұрпақ” трилогиялық романы қолжазбалық ойлар күйінде аяқталмай қалған.

"Аққан жұлдыз"

Сәбит Мұқанов

Сәбит Мұқанов қазақтың XIX ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын жылдар бойы терең зерттеген. Омбы мен Ленинград қалаларының (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты мәліметтер жинаған. Соның арқасында Сәбит Мұқановтың қаламынан «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бұл роман аяқталмай қалады.

"Өскен өркен"

Мұхтар Әуезов

«Өскен өркен» - қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, Мұхтар Әуезовтың соңғы романы. Өз халқының революцияға дейінгі өткен өмірінен «Абай жол» сынды төрт томдық эпопея жазып, данышпан Абай есімін бүкіл әлемге танытқан Мұхтар Әуезов қазақ халқының революциядан кейінгі өміріне, советтік жаңа заман тақырыбына арнап, жаңа эпопея жазу ниетінде болған. Бірақ ол бұл ойларын жүзеге асыра алмай кетті. «Өскен өмір» - жазушы жоспарлаған осы көп томдық туындының бір кітабы ғана.

"Дубровский"

Александр Пушкин

Пушкинді орыс поэзиясының беткеұстары саналғанына қарамастан, кейде сыншылар мен ақынды құрметтеушілер XIX ғасырдың 20-30 жылдары прозада да Пушкинге тең келетін адамның болмағанын естен шығарып жатады. «Арап Петра Великого», «Повести Белкина», «Капитанская дочка» секілді шығармалардың әрқайсысы оқырманды жазушылық дарынның алып күшімен таңғалдырады. Таңдаулы туындылар қатарына, сонымен қатар «Дубровский» де кіреді. Ол өңделмеген және соған қарағанда Пушкиннің аяқталмаған романы болса керек.

«Дубровскийде» кедей мен бай арасындағы шиеленістен Пушкиннің өз-өзімен болған шиеленісі жақсы сезіледі. Бір жағынан алып қарағанда, отбасылық міндеттермен байланысты болған ол көпшіліктің көңілінен шығып, қазір айтылып жүргендей бестселлер жазып шығуға талпынды. Екінші жағынан, Пушкин ойлап тапқан орыс Робин Гуды өзінің трагедиялық қызу мінезділігімен көбіне Шиллердің «Қарақшыларына» («Разбойники») ұқсап кеткен және оқырмандар қатты қызығатын халық батырларынан күрделірек болды. Роман атауы негізі датамен берілген – «21 октября 1832 года» - дәл осы күні Пушкин аталған шығарманы жазуды бастаған. Ал «Дубровский» атауын алғашқы басып шығарушылар қойған екен.

"Бувар мен Пекюше"

Гюстав Флобер

Атақты «Госпожа Бовари» романының авторы – Гюстав Флобер «Бувар мен Пекюше» деп аталатын тағы бір төл туынды жазып шықпақ болған. Ол - қартайған шағында кеңселік жұмысты тастап, фермаға қоныс аударған екі сөзқұмар жайлы оқиға. Олар фермада ауыл шаруашылығымен, медицинамен, саясатпен айналысуға талпынады, бірақ дилетант болғандықтан үнемі бастаған істен сәтсіздікке ұшырап отырған.

Іс жүзінде романның түпкі ойы Флоберге XIX ғасырдың 70-жылдардың басында келген («Лексикон прописных истин»-ді жинақтап жүрген кезде). Дәл осы «Лексикон» - «Бувари мен Пекюшенің» екінші бөлімі болуы керек еді. Сонымен қатар, аталған жұптың образдары да Флобер ойына анағұрлым ертеректе - «Бовари ханым» еңбегін жазу кезінде келген сияқты.

1880 жылы Флобер кітапты толық бітіріп үлгере алмай, көз жұмады.

"Эдвин Друдтың құпиясы" ("Тайна Эдвина Друда")

Чарльз Диккенс

Чарльз Диккенс 58 жасында дүниеден озды. Сол уақытқа дейін ол Англия елінде кеңінен таныла білді. Бірақ Диккенс үшін жазушылық - өмірлік құлдық болды. Оның романдарының барлығы дерлік өзіндік бір әдеби топтама тектес болған: Диккенстің кітабы толығымен емес, бөлім бойынша басып шығарылатын болған екен. Бір бөлімді оқып шыққан оқырман келесі бөлімді екі көзі төрт болып күтті. Осыған байланысты ол өзіне шаршауға ерік бере алмаған. Өмір соңына қарай Диккенс әбден қажыды және бұл аяқталмаған «Эдвина Друд құпиясы» детективіне өз әсерін тигізді.

«Эдвин Друд құпиясы» - аса динамикалық, еліктіргіш кітап. Оның әдебиетке деген әсері оразан зор. Диккенстің «Эдвина Друд құпиясы» оқырмандарды роман сюжетіне тереңінен еліктіріп қана қоймай, сонымен қатар, оларға оқиғаның тікелей қатысушысы болуға мүмкіндік береді.

"Америка"

Франц Кафка

Франц Кафканың әдебиетке келу жолы тым азапты болды, ал өзін-өзі бағалауының өте төмен болғаны соншалық өлім алдында ол өзі шығармаларының көзін құртуды өсиет етіп қалдырып кетіпті. Сонымен қатар, оның үш романы, атап айтсақ «Америка», «Процесс» және «Замок» - толық бітпеген. Бірақ егер «Процес» пен «Замокта» түпкі ойдың аяғына дейін айтылмай қалғаны дұрыс болып көрінсе (екеуі де қорқынышты түс сияқты үзіледі), «Американың» соңы қыршаңқы қалжың тәрізді.

Шығарманың бірінші тарауы өзінше бір әңгіме ретінде жазылған. Ол «Кочегар» деп аталады және 1913 жылы жарыққа шыққан болатын. Бұдан кейін Кафка туындыны роман қылып жазумен айналысты. Оның бастапқы атауы «Пропавший без вести» болды. Ал «Америка» атауын 1927 жылғы басылымға Макс Брод ойлап тапты. Кафка АҚШ елін сипаттаған, бірақ ешқашан бұл елде болып көрмеген.

1914 жылы Кафка күтпеген жерден романды жазуды тоқтатады. Сонымен қатар, Карлдың Брунельдадағы қызметін әңгімелейтін бөлімдер де аяқсыз қалады (осы тараулардың тек екі-ақ үзіндісі сақталған).

"Лаураның бірегейлігі"  ("The Original of Laura")

Владимир Набоков

"Лаураның бірегейлігі" - Владимир Набоковтың ағылшын тілінде жазған, толық аяқталмаған романы. Жазушы оны 1975-1977 жылдар аралығында жазған екен, бірақ жазушының өлімі соңғы романды аяқтауға кедергі болған.

Өзінің өліміне дейін сегіз ай бұрын Владимир Набоков өз тілшілерінің біріне «The Original of Laura» кітабының «өз сырқатына дейін басталып, шығарманың қағаз бетінде емес «ойында» аяқталғаны» жайлы жазады.

Владимир Набоков өз өлімінен соң қолжазбаның жойылуын талап ететін өсиет қалдырып кеткен. Жазушының жесір әйелі Вера 1977 жылы көз жұмған жұбайының соңғы қалауын орындамайды және өз өлімі алдында оны өзінің ұлына тапсырып кетеді.

Жазушының ұлы Дмитрий Набоков қолжазбаны қолдануға тек санаулы ғана ғалымның мүмкіндігі болуы үшін романды университеттік мұрағатқа, мұражайға немесе қорға тапсырғысы келген. Алайда 2005 жылы электронды поштамен The New York Observer газетінің әдеби шолушысы Рон Розенбаумге жазған хатында Дмитрий өлім алдында кітаптың көзін жоюы мүмкін екендігі жайлы жазған.

Дей тұрғанмен, Дмитрий Набоков 2008 жылы өзінің бастапқы шешімінен бас тартып, әке қалауына қарамастан «The Original of Laura»-ны жарыққа шығаруды шешеді. Кітап жарыққа шыққан соң Дмитрий бірқатар елде роман қолжазбасын аукцион сатылымына қояды, бірақ ол сол күйі өзінің жаңа иесін таба алмайды.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Ж. FM