Қалалық "Абай оқулары" өтеді

Қалалық "Абай оқулары" өтеді
Фото: Altaynews.kz

Ертең, 12 қазан күні Қазақ мемлекеттік  қыздар педагогикалық  университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қарасөздерін, музыкалық мұрасын дәріптеп, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерделеуге шабыттандыру мақсатында Алматы қаласындағы ЖОО студенттері арасында «Абайды білмек керек, ойлы жасқа» атты қалалық Абай  оқулары өтеді. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығы хабарлады.

Байқауға арнайы іріктеуден өткен Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері қатысады.

Байқаудың мақсаты – көркем сөзді жете танып, сөз қадірін түсініп, әдеби тілде сөйлеуге дағдыландыру, Абайдың мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, Абай шығармалары арқылы жастарды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру.

Байқау барысында үміткеркер ақынның лирикалық немесе азаматтық тақырыптағы  бір өлеңі мен бір қарасөзін мәнерлеп жатқа оқу және бір әнін домбыра, гитара, қобыз, баян т.б. музыкалық аспаптармен орындау арқылы сынға түседі. Үміткерлердің өнерін ЖОО ұстаздары мен өнер қайраткерлерінен тұратын қазылар алқасы бағалайтын болады. Бағалау кезінде олардың Абай өлеңдері мен қара сөздерін түсініп оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына және қазақтың ұлттық киім үлгісіне назар аударылады.

Жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Өтетін күні: 12 қазан, 2016 жыл.

Басталу уақыты: 14.00-де.

Өтетін орны: ҚазМемҚызПУ, Гоголь көшесі, 114, Акт зал, 3-қабат.

Н. Айдархан