Пабло Неруданың белгісіз болған 20 поэмасы табылды

«Пабло Неруда Қорының» мамандары чилилік белгілі ақынның қаламынан шыққан 20 поэмасын жеке мұрағаттарды ақтару кезінде тауып алыпты. Қордың ұжымы осыған дейін белгілі болмаған ақынның туындыларын 2015 жылдың басында жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Ақынның мұрағатындағы қораптан табылған жазбалардың бір бөлігі мәтін теретін машинамен терілсе, қалған жартысы қолмен жазылған екен. Сарапшылардың ойымен келіссек, Паблоның бұл еңбектері ХХ ғасырдың 50 жылдары, яғни ақынның шығармашылықтың шыңында жүрген кезінде жазылыпты.

«Табылған поэмалар әлем әдебиетіндегі жаңа толығу болып табылады. Ал өзіндік Неруда стилінде жазылған туындылар испан тілді оқырмандарын қуантары анық», - дейді Пабло Неруда Қорының сарапшысы Мигель Арбелауес.

Естеріңізге сала кетейік, испан тілінде сөйлейтін Чили халқының басты ақыны 1973 жылы болған әскери төңкерістен кейін өмірден озған болатын. Өлімнің себебі қатерлі ісік болғандығын медициналық сараптама көрсеткен. Дегенмен, Чили тұрғындары халықтың жүрегінде жыр болып жүрген поэмалардың авторы саяси көзбояушылықтың құрбаны болғанын айтады. 

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.bbc.com