Мұқағалиды еске алуға арналған кеш өтті

Мұқағалиды еске алуға арналған кеш өтті

Қазақстан Жазушылар одағында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған «Қарлығашым келдің бе?» атты жыр кеші өтті.

Дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын атылмыш шараға халық көп жиналды. Кеш шымылдығы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайдың кіріспе сөзімен ашылды. Бұл кеште аты айтып тұрғандай жыр көгінде қанатын қомдаған «қарлығаштарға» баса назар аударылды. Жас ақындардың жалынды жырлары тыңдалып, жаңа буынның аяқ алысы бағдарланды. №147 мектеп-гимназия оқушылары да ақын өлеңдерінен композиция жасап, көрермендердің көңілін бір сергітіп тастады. Кішкентай балалардың үлкен жүрегі, өлеңге деген құрметі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, әдемі кеш әсерлі көріністермен есте қалды. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Оразақын Асқар Мұқағали өміріне байланысты естеліктер айтып, жырын оқыды. Кеш тізгінін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әділғазы Қайырбеков ұстады. Жас буын өкілдері атынан Нұртас Тұрғанбек, Еламан Хасен сынды жас ақындар жырдан шашу шашты. Кеш соңында ақын Биғайша Медеуова Мұқағалиға арналған өлеңін оқыды.

Кеш барысында халықтың Мұқағали жырларына деген махаббаты, ерекше көңілі айрықша байқалып тұрды. Осындай әдемі кештер арқылы алты алаштың ардақтысына айналған ақиық ақын Мұқағали мұрасы ұрпақ жадында жаңғыра түсері анық.

Кештен фоторепортаж:

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Нұржігіт Айдархан

Н. Айдархан