"Әлемнің Әуезові" шақырады!

Желтоқсан айының алтыншы жұлдызында дана халқымыздың дара перзенті, дариядай қазақ әдебиетінің дарынды қаламгері, кемеңгер ойшыл, ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 116 жыл және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне 80 жыл толуына орай қазақстандық ЖОО-ның студенттері арасында «Әлемнің Әуезові» атты республикалық шығармашылық сайыс өтеді. Айтулы іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары – ҚазҰУ-дың «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар Орталығы.

Шарт бойынша, сайысқа «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандығы бойынша білім алатын жоғары оқу орындарының 3-курс студенттері және әрбір оқу орнынан 1 студент қатыса алады.

Сайыс үш бөлімді қамтиды:

Бірінші кезең  тест бойынша сынақ. Барлығы 50 сұрақтан тұратын 2 нұсқада тест беріледі. Тест М. Әуезовтің жалпы шығармашылық мұрасына қатысты. Прозалық туындылары, драматургиясы, көркем аудармалары, әдеби зерттеу еңбектері, публицистикасы қамтылады.

Екінші кезең –  эссе жазу қабілетіне сынақ. Эссе тақырыптары М. Әуезовтің өмірбаян өмірбаян кезеңдеріне қатысты болады.

Эссе бағыттары:

Ø Балалық шақ. Ата өнегесі.

Ø Әуезов өмірінің Семей кезеңі.

Ø Алаш және Әуезов.

Ø Әуезов және Абайтану.

Ø Әуезов және саяси қысым.

Үшінші кезең   –  тірек сөздер бойынша ауызша толғам «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде өтеді.

 Мәселен:

– Бөжейдің асы;

– Абайдың достары;

– Аяулы аналар т.б. 

Бәйгеге қатысушылардың білім-біліктілік деңгейі жинаған бал көрсеткіші бойынша арнайы тағайындалған сарапшылар тарапынан бағаланады.

Соңғы айналымға дейін өз біліктілігімен назарда болған студенттер арнайы диплом, сый-сияпаттармен марапатталатын болады.

Баршаңызды иісі қазаққа ортақ қос мерейтойды бірге атап өтіп, рухани азық жинауға шақырамыз!

Анықтама телефондары: 8775 926 3154;  8775 359 2821

Электронды почта адресі: kapi-51@mail.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева