Жаңа жылды қалтаға салмақ салмай өткізу үшін...

Жаңа жылды қалтаға салмақ салмай өткізу үшін...

Жаңа жылдың табалдырығымызды аттап, пердемізді түріп кіріп келуіне санаулы-ақ күн қалды. Ал сіз әлі де осы Жаңа жылды қайда және қалай қарсы алуды ойластырмаған шығарсыз. Егер сіздің дәл осы кездерде қалтаңыздың түбі көрініп, әлеуметтік жағдайыңыз нашарлап қалса, не істемексіз? Ақша жоқ екен деп есігіңізді тарс жауып, Жаңа жылда шаруаңыз болмай отыра беруге бола ма? Жоқ, әрине. Жаңа жылды көптің көшінен қалмай тойлау үшін қалтаңыздың қалың болуы шарт емес. Оны өзіңіз де түсініп отырсыз.

Қаржым аз деп қамықпаңыз. Massaget сізге ақша үнемдеу арқылы қандай қызықты орындарда Жаңа жылды қарсы алуға болатындығы жайлы айтпақ.

Көбіміз ақшаны аямай шашу арқылы кез келген мерекені естен кетпестей етіп өткіземіз. Мәселе ақшада емес, көңіл-күйде емес пе?

Қымбат мейрамханада отырған, бірақ көңіл-күйі төмен адамдарды сіз де байқаған боларсыз?

Демек, күйіңіздің жақсы болуы тиыныңызға қарап өлшенбейді деген сөз.

Егер қоржыныңызда бар ақшаны үнемдегіңіз келсе, мына кеңестерге көңіл бөліңіз.

Нағыз жаңажылдық мерекені сезінгіңіз келсе, көшеге шығыңыз. Жан-жағыңыз сәнделген шыршалар мен «Аяз аталарға» толы. Қала түрлі-түрлі сәнді жылтырақтармен сәнделген. Көшенің екі жағы да жалт-жұлт етеді. Осындай тамаша көріністі тамашалау үшін кім сізден ақша сұрайды, айтыңызшы? Бәрі тегін ғой. Бұндай сұлулық тек сіздер үшін арнайы жасалған. Жаңажылдық көңіл-күйді көтеруде жалт-жұлт еткен қала көрінісінің әсері зор. Тек үстіңізге жылы киім, аяғыңызға қалың етік киіп алыңыз. Қолғапты да ұмытпаңыз. Достарыңызбен бірге шықсаңыздар, бір-біріңізге қар атысып ойнасаңыздар да әбестігі жоқ. Қардан аққала жасап, қызыққа батыңыз.

Бұл күні орталық алаңға қарай жол тартыңыз. Онда сіз өз таныстарыңызды кезіктіріп қалуыңыз әбден мүмкін. Жай күндері бәрінде – сабақ пен жұмыс. Ал осындай күндері бәрінің қолы босап, тойлатып жүреді. Осындайда ескі таныстарыңызбен кезігіп қалып, өткен-кеткенді айтып шер тарқатқанға не жетсін, шіркін! Тіпті Жаңа жыл жаңа таныстыққа да жол ашады емес пе? Кім білсін, дәл осы күні өзіңіздің өмірлік серігіңізді не адал досыңызды жолықтырарсыз... Бәрі де мүмкін ғой.

Ал егер көп адамның ортасында жаныңыз қысылса, көпшілік аз жүретін орындарға қарай тартыңыз. Кез келген қалада адам көп жинала бермейтін әдемі орындар болады.

Жаңа жылды естен кетпейтін ерекше етіп және арзан етіп өткізгіңіз келсе, метроға барыңыз. Басқа күндермен салыстырғанда дәл мереке күндері метро ұзаққа дейін жұмыс жасайды.

Егер жаңажылдық отшашуларды өзгелерден де биікте тұрып тамашалағыңыз келсе, биік ғимараттың шатырына шығыңыз.

Тек қауіпсіздікке аса мән беріңіз. Өзіңізбен бірге жылы жамылғы ала шықсаңыз да болады. Салқын сусындар мен шараптың орнына термосқа құйып алып шыққан шәйдің тигізер пайдасы көп.

Одан да қызығырақ өткенін қаласаңыз, Жаңа жыл күні Аяз ата мен Қарша қыздың киімін киіп достарыңызды таң қалдырыңыз.

Оларға киімнің ішінде өзіңіз екенін білдірмеңіз. Сонда қызық болмақ. Мұндай киіммен өзге де кештерге кіріп, қонақтардың көңіл-күйін көтеруге болады. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

сурет: fashionforyou.ru, kapital.kz 

А. Әбілхан