- Негізгі бет
- Денсаулық
- Тұмауды дәрісіз емдеу...
Тұмауды дәрісіз емдеу жолдары
Суық күндері адамдардың көпшілігі тұмаумен ауырады. Заманауи медицина статистикасының мәліметінше, әлем бойынша адамдардың дәрігерге жиі қаралуының басты себебі де осы тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы екен. Тұмауды дәрісіз емдеудің жолдарын ұсынамыз.
Тұмауды әдетте дәрігер жазып беретін арнайы дәрі-дәрмекпен емдейді. Алайда күрделі емес тұмауды халықтық медицинамен де емдеуге болады. Себебі халықтық медицина арқылы ауруды кетіріп қана қоймай, иммунитетті көтеруге болады. Қазіргі кей дәрілердің өзі халықтық медицинаға негізделе пайда болған. Күрделі тұмау болған кезде халықтық құралдарды дәрігер жазып берген дәрілермен бірге қолданса, ол аурудан жылдам құтылуға көмектеседі.
Тұмау әдетте мұрын бітелуден басталады. Алайда, бірден дәрі ішуді бастамаңыз. Жылы шырғанақ (облепиха) немесе итмұрын майын мұрынға тамызып көріңіз. Сонымен қатар, сарымсақ тамшысын дайындауға болады. Ол үшін 2-3 сарымсақты ұсақтап, оған шамамен 50 мл қайнаған су құйып, жылы жерде 2 сағаттай ұстау керек. Алынған тұнбаны күніне 3-4 рет тамызу керек.
Табиғи жөке балын қайнаған сумен 1:2 қатынаста араластыру арқылы да, тұмауға қарсы емдік дәрі жасауға болады. Оны 5-8 тамшыдан күніне 3-4 рет тамызу керек.
Жұқпаның одан әрі тарамауына көмектесетін әдістің бірі – тамақты шөптер қайнатпасы немесе тұнбасымен шаю. Емдік шөптер кез келген дәріханада қолжетімді бағада сатылады. Оларды дайындау оңай: 1 ас қасық шөпке 1 стақан қайнаған су құйып, тәрелкемен 20 минутқа жауып қою керек. Бұл тұнбамен тамақты күніне 5 рет шаю керек.
Тұмау кезінде ангина пайда болады. Егер ангинаның басталайын деп тұрғанын сезсеңіз, әр 3 сағат сайын лимонды қабығын аршымай шайнауға тырысыңыз немесе жаңа сығылған лимон суымен тамағыңызды шайыңыз. Шайған соң 1 сағаттай ештеңе жемей және ішпей тұра тұрыңыз.
Егер температура болмаса, тыныс алу жолдарын емдеу үшін үйде ингаляция (тамақты булау) жасауға болады. Ингаляция 15 минуттан артыққа созылмау керек. Егер үйде ингалятор болмаса, қайнаған суы бар шәйнекке 10 тамшы йод немесе 1 шай қасық пияз суын (немесе 5 тамшы самырсын майын) құйып, ингаляция жасауға болады. Сонымен қатар, сарымсақ ингаляциясы жақсы көмектеседі. Бірнеше сарымсақты езіп бинтке салыңыз. Сол бинтті қыздырылған бос шәйнекке салып, қақпағын жауып қойыңыз. Шәйнектің шүмегін аузыңызға салып, аузыңызбен баяу тыныс алып, мұрныңызбен дем шығарыңыз. Аузыңызбен тыныс алғанда мұрныңызды қолыңызбен қысып тұрыңыз. Бұл процедура шыдамдылықты қажет еткенмен, жақсы нәтиже береді. Оны күніне 6 рет жасасаңыз, тұмауды, жөтелді және ангинаны кетіреді.
Өз денсаулығыңызға қауіп төндірмеңіз: кез келген аурудың алғашқы белгілерін байқаған кезде дәрігерге қаралуға тырысыңыз. Жұмысқа немесе сабаққа барсаңыз, тұмауды одан әрі ұлғайтып аласыз және басқаларға жұқтырасыз. Сондықтан мүмкіндік болса, үйде жақсылап емделген жөн.
Тұмау кезінде уайымдаудың және ауырып қалудан қорқудың қажеті жоқ. Себебі біздің ойымыз жүзеге асады. Бастысы, денсаулығыңызды күтіп, әрқашан иммунитетіңізді нығайтып жүріңіз.
Суық тигенде не жеуге болмайды?