Бумен ингаляция жасау

Бумен ингаляция жасау

Бумен ингаляция жасау жөтел, тұмау, ангина, тамақтың ауруы мен мұрыннан су ағу, бітелуі сынды тыныс жолдарының аурулары кезінде сауығуға көмектесе алады. Бірақ көбіміз бумен ингаляцияларды дұрыс жасауды білмейміз. Назарларыңызда ингаляция дауасына қатысты ақпарат.

Бумен ингаляция жасау – қандай да бір ыстық, қайнап тұрған сұйықтықтан (әдетте судан) шығатын бумен дем алу. Ингаляция тыныс жолдарын жылытып, қозып тұрған тамақты тыныштандырады. Бірталай бактерияларды өлтіріп, сауығып кетуге көмектеседі.

Ең біріншіден бумен ингаляцияны дененің қызуы көтеріліп тұрғанда жасауға мүлдем болмайтындығын айта кету керек. Тіпті дене қызуы 37 градусты көрсетіп тұрса да, жасалынған ыстық ингаляция сіз үшін қауіпті бола алады. Сондай-ақ, бу ингаляцияларын балаларға дәрігердің нұсқауынсыз жасамаңыз. Балалардың терісі мен ішкі мүшелері нәзік болатындықтан, жоғары температура ішкі мүшелерді күйдіріп жібере алады.

Ингаляцияның негізі ретінде нені қолдануға болады?

Ингаляцияның негізі картоп піскен су бола алады. Ол үшін суды қайнатып, картоп пісіріңіз, үстіңізге орамал жауып, осы бумен дем алыңыз. Дауа 20 минутқа жалғассын.

Сондай-ақ, қарапайым қайнаған сумен де ингаляция жасауға әбден болады. Қайнаған шәйнектің шүмегіне конус пішінді оралған қағазды салып, содан шыққан бумен 10 минуттай дем алыңыз. 

Шәйнектегі суға арнайы шөптер қосу арқылы дауаның әсерлігін жоғарылата аласыз. Өзіңізге ұнаған, не белгілі бір ауру кезінде қолданылатын емдік шөптің түрін, не эфир майының бір-ақ тамшысын қосыңыз. Жөтелді эвкалипт, немесе лимон эфир майлары жақсы кетіреді.

Егер мұрныңыз ағып не бітеліп тұрса, мұрныңызбен дем алыңыз, сәйкесінше тамағыңыз ауырып тұрған жағдайда, ауызбен терең, асқпай дем алыңыз.

Денсаулықтарыңыз мықты болсын!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: liveinternet.ru 

С. А