- Негізгі бет
- Денсаулық
- Сіз ұйықтап жатқанда......
Сіз ұйықтап жатқанда...
Адамдардың үштен екі бөлігі ұйқы қанбауын айтып шағымданады. Жұмыс, үй тапсырмасы көптігі, достардың жаңалықтары, әңгіме, т.б. нәрселер адамның ерте ұйықтауына кедергі келтіреді. Кеш ұйықтағандықтан таңертең әзер тұрасыз. Үйден көңілсіз шығып, күні бойы шаршап, маужырап жүресіз.
Ағзаңыз ұйқыға «шақырса», қарсы тұрмаңыз. Үйге берілген тапсырманы орындамасқа болмайтын болса да, ұйқыңыз келіп тұрғанда, мидың қызмет қабілеті 9 пайызға төмендейді. Түнгі 12-ге дейін түнделетіп отыратын болсаңыз, гипосомния, яғни ұйқы жетіспеушілігімен ауыруыңыз мүмкін. Ал ол ұйқысыздыққа шалдықтырып, есте сақтау қабілетін, иммунитетті төмендетеді.
Ұйықтап жатқанда ағза дененің физикалық күйін бағалап, күш-қуатпен толтырып, күнімен естіп-көрген ақпаратты «сараптайды».
Тәулігіне ең азы 6 сағат ұйықтау керек. Сағат 22.00-ден кеш жатпағаныңыз жөн. Ғалымдар пайымдауынша, 22.00 мен 24.00 аралығы «сұлулық уақыты», ал одан кейінгі төрт сағат «денсаулық уақыты» деп бөлінеді, сондықтан сұлу ажарыңызды сақтап, денсаулықты нығайтқыңыз келсе, кешкі оннан таңғы төртке дейін ұйықтауға тырысыңыз.
Қуаттайтын сусындар мен кофе ұйқысыздық ұзаққа созылуына әкеп соғады. Әрі кофенің «қуаттайтын» уақыты тым аз. Демек, ұйықтап қалмау үшін адам күнін бірнеше аяқ кофе ішуі керек.
Ұйқы кезінде соматотропин атты гормон бөлінеді, ал ол артық салмақты жоюға көмектеседі.
Аз ұйықтау мүлдем ұйықтамаумен пара-пар. Ол да бастың жиі ауырып, жүрек-қан тамырлары, арқа аурулары туындап, диабет не семіздікке шалдықтыруы мүмкін.
Ф. Абилова