- Негізгі бет
- Денсаулық
- Денсаулыққа қауіпті киімдер...
Денсаулыққа қауіпті киімдер
Заманауи сәнді гардеробтың кей атрибуттары денсаулыққа зиян. Бірақ олардың зиянын біле тұра, көпшілік трендтердің артынан жүруді таңдайды. Әйел гардеробындағы қай заттарды сақтықпен қолданған жөн?
Тар және денеге жабысып тұратын киім
Мысалы, "скинни" джинс шалбары сияқты денені қысып тұратын киімді күнде кию зиян. Тар шалбарды жиі кисеңіз, іштің кебуі, терінің қызаруы және кіші жамбас органының кеңеюі (жасырын варикоз) орын алады. Ішкі киімнің де тар болуы цистит және жұқпа пайда болуына ықпал етеді.
Кеңес: Көйлектер мен белдемшелерді бағаламай қоймаңыз. Негізі олар шалбарға қарағанда ыңғайлы болып келеді. Тек оларды киюді әдетке айналдырсаңыз болғаны. Егер көйлек немесе белдемше кигенді мүлдем ұнатпасаңыз, қазір кең балақты шалбарлар сәнге айналуда. Бірақ созылмалы цистит секілді аурулармен қиналсаңыз, денеге жабысып тұратын шалбарлардан мүлдем бас тартқан жөн.
XXL-сөмке
Косметикаларды салатын сөмке, телефон, шағын "дәріхана", күнделік, үй немесе машинаның кілті, майлықтар, айна, әмиян, зарядтау жабдығы және тағы басқалары – бұлардың бәрін күнде сөмкеңізге салып, тасып жүресіз. Ол арқаға және иыққа салмақ түсіреді. Соның кесірінен омыртқаға салмақ түседі. Ауыр сөмкелерді тасып жүру бұлшықет пен сіңірге жағымсыз әсер етуі мүмкін. Өте үлкен сөмке сәнге оралып тұрады, бірақ ондай сөмкенің ішіне ештеңе салмағанның өзінде салмағы ауырлау болады. Сондықтан сөмкенің шағын әрі жеңілдеу түрін таңдаған жөн.
Кеңес:
- Сөмкеңізді жеңілдетіңіз: ол ішіндегі заттарымен бірге 4,5 килограмнан аспауы керек;
- Сөмкені тек бір иыққа аса бермей, екі жаққа ауыстырып тұруды әдетке айналдырыңыз;
- Кешкісін арқаңыз немесе иығыңыз ауыратын болса, жаттығу жасаңыз және бассейнге жазылыңыз.
Никель бижутерия
Бижутерияны шешкен соң теріңіз аздап қызарып, қыши ма? Ол никельден болатын аллергия болуы мүмкін. Никель кез келген бижутерияда, кейде ақ немесе сары алтында да болады. Одан пайда болған аллергияның жеңіл түрі уақыт өте экземаға айналуы мүмкін.
Кеңес: Егер бижутерия таққанда немесе кешкісін шешкенде теріңіз қышыса, аллерголог маманға барып қаралыңыз. Дәрігер теріге сынама жүргізіп, никельге аллергияңыздың бар-жоғын анықтап бере алады. Егер никельге аллергияңыз бар болса, дәрігер сізге көмектесе алмайды. Бастысы, құрамында никель бар бижутерия тақпау керек.
Әшекейді бет пішініне байланысты таңдау
Биік өкшелі аяқ киім
Биік өкшелі аяқ киім ыңғайсыздығынан бөлек жарақат алуыңызға себепші болуы мүмкін. Олар табанға көп күш түсіретіндіктен сүйелдердің пайда болуына да ықпал етеді. Тобыққа қажетті сүйеніш болмағандықтан сіңір созылуы мүмкін. Биік өкшелі аяқ киіммен жүрген кезде денеңізді дұрыс қалыпта ұстай алмайсыз, сондықтан арқаңыз жиі ауыратын болады.
Кеңес: Өте биік тақалы аяқ киімдерді қанша жақсы көрсеңіз де, оны жай табанды аяқ киіммен кезектестіруді әдетке айналдырыңыз және аяқ киімнің сапасына аса мән беріңіз.
А. Жапатова