- Негізгі бет
- Денсаулық
- Аяқ шаршағанын басудың...
Аяқ шаршағанын басудың 5 әдісі
Егер күні бойы екі аяқта тұрсаңыз, кешкісін аяғыңыз қатты шаршап, жағымсыздық сезесіз. Әсіресе, жазда ол ушыға түседі, себебі қан тұрып қалады, ауырлық сезімі мен ісіну пайда болады. Аяғыңыз «дуылдап» тұрса, төмендегі әдістерді байқап көріңіз.
1. Массаж
Аяқ шаршағанын басудың ең тиімді әдісі — оған массаж жасау. Бұл кезде кәсіби маманға бару міндетті емес, табаныңыз бен башпайларыңызды 10-15 минут бойы уқалап отыру жеткілікті. Қанмен қамтамасыз етуді іске қосу үшін массажды өкшеден бастаңыз, содан соң біртіндеп башпай ұштарына қарай қозғалыңыз. Алақаныңыз теріде сырғанап тұруы үшін ылғалдандырушы крем немесе эфир майын пайдаланыңыз.
2. Қарама-қарсы ванна
Температуралар өзгерісі қан айналымына жағымды әсер етіп, сауықтырушы әсер береді. Аяқ салуға болатын екі леген алып, біреуіне жылы су (30-40 градус), екіншісіне бірнеше мұз текшесі бар салқын су құйыңыз. Аяқты екі легенге кезекпен-кезек 10-15 секундтап салыңыз. Процедураны 15 рет қайталап, салқын сумен аяқтаңыз. Содан соң аяқты құрғатып, құрамында ментолы бар немесе салқындатушы компоненті бар крем жағып қойыңыз.
3. Мұз
Егер қарама-қарсы ванна жасағанды ұнатпасаңыз, аяқтағы ауырлықты мұздың көмегімен кетіріңіз. Мұздатқыштан бір текше мұзды алып, жұмсақ қозғалыстармен табаныңыз бен балдырыңызды сүртіңіз. Бір орында ұстап тұрмаңыз, үнемі қозғап отырыңыз. Мұзбен сүртуге 3-5 минут жеткілікті. Содан соң аяғыңызды жоғары көтеріп жатыңыз. Бірақ егер сізде тұмау белгілері болса, бұл процедураны жасауға болмайды. Процедураның әсерін күшейту үшін қарапайым мұзбен емес, косметикалық мұзбен сүртуге болады. Косметикалық мұз жайлы мына жерден оқыңыз.
4. Жаттығу
Үйге келген бойда тез жатқыңыз келіп тұрса да, диванға құлауға асықпаңыз. Шаршағандықты басу үшін бірнеше жеңіл физикалық жаттығу жасаған дұрыс. Отырып, башпайларды бірнеше рет жинап, ашыңыз. Содан соң орныңыздан тұрып, аяқтың ұшына 10 рет тұрып, түсіңіз. Сондай-ақ аяққа «велосипед» жаттығуы да пайдалы.
5. Жалаң аяқ жүру
Ұсақ тастардың бетімен, құмның және шөптің үстімен жалаң аяқ жүру табандағы жүйке ұштарын ынталандырып, аяқтағы ауырлық пен ісінуден арылуға көмектеседі. Үйдің ішінде жалаң аяқ кішкене жүріңіз. Егер массаждық кілемше болса, тіпті, жақсы.
А. Жапатова