Тері күтімі: Бетіңізді мұзбен сүртіңіз!

Тері күтімі: Бетіңізді мұзбен сүртіңіз!
Фото: freepik.com

Суық қан тамырларға жағымды әсер етеді. Бетті мұзбен сүрту кезінде қанның құйылуы артады, тонус пен зат алмасу жақсарады, ісінулер азаяды, нәтижесінде, айнадан «тірі» әрі сау теріні көресіз. Бетке жүйелі түрде мұз қолдану қан тамырларды жаттықтырады және қатайтады, сондықтан тері бұл процедурадан соң біраз уақытқа дейін жақсы көрінеді. Қарапайым судан бөлек шөптер қайнатпалары мен шырындарды қолдансаңыз, оның әсері екі еселенеді. Бірақ оны қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар ғана пайдалана алады.

Кімге бетін мұзбен сүртуге болмайды?

- Тұмау белгілері және мұрын қуысы аурулары (мысалы, гайморит және т.б) бар адамдар;
- Кез келген тері зақымдары (жаралар, күнге күю, бөртпе, тілік);
- Суыққа аллергиясы бар адамдар;
- Бетінде куперозы (тері бетіне өте жақын орналасқан көрініп тұратын қан тамырлар торы) бар адамдар;
- Терісі өте құрғақ адамдарға оны күнде қолданудың қажеті жоқ. Себебі мұз теріні одан сайын құрғатып жіберуі мүмкін.

Бетті мұз текшесімен сүрту 2-3 минуттан ұзақ болмауы керек. Сондай-ақ қан тамырларды зақымдамас үшін мұзды бір жерде 5 секундтан артық ұстамаған жөн. Бетті мұзбен сүрткеннен кейін оны сүлгімен құрғатпауға болады. Оның өздігінен кепкенін күтіңіз.

Бетке арналған пайдалы мұз текшелерін дайындайық!

Сәбіз шырыны+көк шай

- 2 кесе жаңа сығылған сәбіз шырыны;
- 1 кесе көк шай.

Сәбіз шырыны құрғақтықпен және қабыршақтанумен жақсы күреседі. Сондай-ақ ол тітіркенумен және күңгірттікпен күресуге көмектеседі. Көк шай теріні қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайды және теріні тыныштандырады.

Күріштің суы

- 0,5 кесе күріш;
- 2 кесе су

Күрішке таза су құйыңыз. Оны 3-4 сағатқа қалдырыңыз. Содан соң күріштің суын сүзіп алып, мұз текшелеріне арналған ыдысқа құйыңыз.

Күріштің суы кез келген тері типіне келе береді. Бірақ, әсіресе, терісі майлы қыздарға пайдалы. Ол терідегі ұсақ тесіктерді жақсы тарылтады және май бездерінің жұмыстарын реттейді.

Қияр+бал+лимон

- 1 қияр;
- 1-2 ас қасық лимон су;
- 1 шай қасық бал.

Қиярды блендермен езіңіз. Оған лимон суын құйып, бал салыңыз. Жақсылап араластырып, ыдысқа құйыңыз. Бұл шаршаған және күңгірт теріге арналған керемет дәруменді қуат. Қияр тыныштандырушы әсерге ие.

Алоэ вера шырыны

Алоэ вера табиғи шырыны теріні ылғалдандырады, мимикалық әжімдермен күреседі, жасушалардың қалпына келуін жақсартады және қабынуды кетіреді. Алайда абай болыңыз, кей адамдарда алоэ шырынына аллергия болады.

Куркума+сүт

- 1 кесе сүт;
- 1 шай қасық куркума.

Куркума — биологиялық белсенді компоненттердің көзі. Ол ұсақ әжімдерді кетіруге көмектеседі және тері иммунитетін арттырады.

Шөптер қайнатпасы

Кез келген дәрілік шөптердің қайнатпасын немесе тұнбасын косметикалық мұзға қолдана беруге болады. Әсіресе, түймедақ, таңқурай жапырақтары, сәлбен, ақжелкен және шайқурайды қолданып көруді ұсынамыз.

А. Жапатова