Қазақстанда 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцина егіледі

Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.

Вакцина әлемге қандай пайда әкелді?

"Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу шаруасын жеделдету мақсатында мынадай жұмыстар жүргізіліп жатыр: 2021 жылғы 19 қаңтарда Спутник V вакцинасының 20 мың дозасын әкелу жөнінде Қарағанды фармкешені мен РФ тікелей инвестиция қоры келісімге келеді. 20 қаңтарда бұл вакциналарды "СҚ-Фармация" компаниясына арнайы тәртіп бойынша бір рет әкелуге рұсқат беру көзделген. Осыдан кейін халықтың белгіленген тобына 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу жоспарланып отыр", - деді Алексей Цой.

Министрдің айтуынша халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады.

Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда коронивирустың анықталуы мүмкін штамдарына күн сайын молекулярлық-генетикалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

"Вирустың мутацияға бейімдігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты түрде Қазақстанда коронивирустың анықталуы мүмкін штамдарына күн сайын молекулярлық-генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Талдау жұмыстары зерттелген сынамалар генетикалық тұрғыда Германияда, Испанияда, Украинада, Ресейде, АҚШ пен Қытайда анықталған штамдармен ұқсас екенін көрсетті. Аурудың симптомды және симптомсыз формалары, сонымен қатар вирустың таралуы мен аурудың ауырлығы вирустың қандай да бір генетикалық желіге тиесілі екеніне тәуелді емес. Жиі анықталатын мутациялар белгілі болды. Зерттелген сынамаларда коронавирустың британиялық штамы анықталған жоқ", - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Министр сонымен қатар бұл бағытта жұмыс жалғасатынын мәлім етті.