Ferrari тарихы #1

Ferrari тарихы #1

Бүкіл әлемге аты мәшһүр авто-өндіруші Энцо Феррари 1898 жылы Модема қаласында дүниеге келген. Бала кезінен бастап Энцо көліктерге қызығып, автобәйгелерді сүйіп бақылады.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяғында Феррари CMN (Costruzioni Meccaniche Nazionali) спорттық топтың құрамына еніп, соның сапысында аянбай тер төккен. Кейін 1920 жылы ол "Альфа Ромео" фирмасына орналасып, сынақшы-жүргізуші қызметін атқарып, көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Нәтижесінде Феррари өзінің жеке "Скудерия Феррари" деп аталатын тобын құрып алады. Негізінен команда құрамы "Альфа Ромео" бәйге көліктерін жетілдіру жұмыстарымен айналысып, көптеген жарыс-бәйгелерге қатысатын. Сол кезден бастап компанияның таңбасында әйгілі тұлпардың кескіні көрінеді.

Әйгілі авто конструктор аталған фирмада 1938 жылға дейін еңбек етіп, екі жылдан кейін "Авио Конструциони" атты жеке фирмасының негізін қалайды. Алғашында бұл фирма арнайы станоктардың өндірісімен айналысатын. Бұл фирманың қабырғаларында Феррари өзінің алғашқы көлігінің "815" үлгісін құрастырған. Энцо "Альфа Ромео" компаниясынан кеткен кезде, басшылық оған бірнеше шарт қойған. Шарт бойынша, Феррариға 4 жыл көлік өндіру жұмыстарымен айналысуға тыйым салынғандықтан, ол көліктерге өз атын қоя алмайтын.

1940 жылы ұйымдастырылған "Милле Милья" байқау-бәйгесінде "815" үлгідегі көлікке мініп алған Лорацио Рангони мен Альберто Аскари ақырында мәре сызығын кесіп өте алмаған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте өндіріс орны Модена қаласының маңында орналасқан шағын ғана Маранелло елді мекеніне көшірілгенімен, АҚШ-тың әуе қорғаныс күштерінің бірнеше шабуылына тап болады. 1946 жылы кәсіпорын күрделі жөндеуден өтіп, жаңа көліктер өндірісі қайта жанданады. Осылайша, ресми түрде әйгілі компанияның тарихы 1946 жылы басталды.

Жаңа фирманың бірінші шығарған көлігі болып Феррари-125 GT үлгісі танылды. Осы үлгіден кейін V12 цилиндрлі қозғалтқышы бар "125S", "159S" және "166" үлгілері жарық көрген. Мұндай қозғалтқыштардың цилиндрлер блогында бір бөлуші механизм орналасқандықтан, Феррари өнімдері өзге көліктерден ерекшеленетін. Алайда, үлкен спортта осы көліктер айтарлықтай көзге түспегенімен, Феррари күдерін үзген емес. Нәтижесінде 1948 жылы қазіргі Формула 1 бәйге көліктерінің түптұлғасы ретінде танылатын - "Феррари 125" үлгісі жарық көрген.

Дәл сол жылы фирманың техникалық директоры болып Аурелио Лампреди тағайындалды. Ол "125" үлгісін қайта құрастыру ісін өз мойнына алып, фирманың өсіп, өркендеуіне өз үлесін қосқан. Уақыт өте келе Феррари көліктері жетіле түсіп, қозғалтқыштардың қуаттылығы бұрын- соңды болмаған көрсеткіштерге ие болған. Ақырында Феррари көліктерінің соңғы үлгісі ғана "Альфа Ромео" көліктерімен бәсекеге түсе алатын.

Осылайша, 1951 жылдың 14 маусымында аргентиналық Фроилан Гонзалес британдық "Сильверстоун" трассасында мәреге бірінші жетіп, жеңіске қол жеткізген. Ферраридің "166"  үлгісі фирмаға болмаған танымалдылық әкеліп, Энцоның атын  бүкіл елге әйгілі еткен.