Ерлан Мұхатқызы – Дүние-ай

Дүние алма кезек екені баршаға аян. Біреуге бір күн сырт айналса, енді біреуге тек шапағын шашып тұрғандай көрінеді. Бұлт артынан күн шығады, күн артынан қайта үйіріліп бұлт келеді. Осылай алмасумен жылдар жылжып өтеді. Мұны әніне қосқан халық домбыра сазымен еліте отырып түгел баяндайды. Ерлан Мұхатқызының орындауындағы мәнді, мағыналы, бейне жазбасы қазақтың тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнені көріп, көз тойдырыңыз, құлақ құрышын қандырыңыз.

Біреу келсе, біреуден қалып жүрген дүние-ай,
Жақсылардан жаманға ауып жүрген дүние-ай.
Кейде аяңдап желістеп қалып жүрген дүние-ай,
Кейде сөніп, нұрланып, арып жүрген дүние-ай.

Сабағын өртеп, дәнінен шалып жүрген дүние-ай,
Қырдан қашқан түлкідей шауып жүрген дүние-ай.
Қара бұлттай тұнжырап, жауып жүрген дүние-ай,
Қара құстай қайырылып қалып жүрген дүние-ай.

Мал мен басты біреуден аямаған дүние-ай,
Жалғыздың басын сандалтып қарамаған дүние-ай.
Ғашықты құстай қаңғыртып мазалаған дүние-ай,
Толтырып барын орталап тазалаған дүние-ай.

Кемеліне келтірмей жазалаған дүние-ай,
Үш арланның ұясын қамалаған дүние-ай.
Аларында ділдесін санамаған дүние-ай,
Берерінде әуметін мазалаған дүние-ай.

Қаһары күшті ханға да қарамаған дүние-ай,
Қуантып, кейде жүректі жаралаған дүние-ай.
Жемеңгерді жетілтіп ұстамаған дүние-ай,
Кем-кетікті кетілтіп, қысқалаған дүние-ай.

Қыр соңымнан қозы ғып қуалаған дүние-ай,
Түлкіні көрген қырандай домалаған дүние-ай.
Айырбасқа тегінен ұнамаған дүние-ай,
Сор болып барып біреуге ұнамаған дүние-ай.

Әр жерінен жол тауып сыналаған дүние-ай,
Айдауыңда кім қалды-ау жыламаған дүние-ай.
Шыр еткенге біреуді зарықтырған дүние-ай,
Бұлдыраған сағымдай талықтырған дүние-ай.

Күн біткеннің күніне алып тұрған дүние-ай,
Қара нардың жүгін де ауып бұрған дүние-ай.
Аз күн тұрып, маңдайдан тайып тұрған дүние-ай,
Әр адамның басына, қам-қасірет мұңыңды салып тұрған дүние-ай.

Пендені сөйтіп сендіріп, екі көзін төндіріп алып жүрген дүние-ай,
Біреуден қалып, біреуге барып жүрген дүние-ай.