Клара Төленбаева - Сені ешкімге бермеймін

Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын!
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!

Мен сені көкте Күнге қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ,
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!

Мен сені сүюден жалықпаймын,
Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!

Мен сені сағынудан азап шегем,
Азап шегем..
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң,
Аяз болып көрінер тозақ деген!

Біреу менің көзімнен байқар күзді…
Мен сені ұмытуға қауқарсызбын!
Имандылық заңдарын бұзған бұлар,
Жүзі күйген пенде деп айтар бізді..!

Айта берсін!
Құлағыма ол сөзді іле алмаймын,
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын.
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін,
Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!