Жарнаманың санаға әсері

Жарнаманың санаға әсері

Біз өмір сүріп жүрген жаңа әлем жарнама алаңына айналғандай. Біздің әрқайсысымыз күніне мыңдаған жарнаманы қабылдап, санамызға сіңіріп жатамыз. Себебі, кез келген қоғамдық ортада, аялдамаларда, қоғамдық көліктерде бір емес, бірнеше жарнамаларды кездестіреміз. Одан қалса, кеш мезгіліндегі бос уақытты пайдаланып, теледидар көре қалсақ та, уақытымыздың жартысы жарнама көрумен өтетіні сөзсіз. Әрине, мұншалықты жарнамадан алатын әсерлер біздерді өзгертпей қоймайды. Ендеше, жарнама санамызға қаншалықты әсер етеді? Осы сұраққа жауап іздейік...

Әсер етудің ең бірінші аспектісі - жарнамадағыдай жақсы өмір сүру мен бақытты болу жолында қалыптасу. Жақсы үй, жақсы көлік, жақсы жар - жарнамадағы құндылықтар болып саналады. (Алайда, оларсыз-ақ өмір сүруге болады). Бірақ, адам болған соң, бірінші есепте пенде болған соң, соның бәріне иелік еткің келеді. Жарнаманың да алға қойған мақсаты сол. Екіншіден, қозғаушы күш ретіндегі әсері мен бір ортаға жұмылдыруы. Қаншама рет бұның бәріне қарсы шыққанымен, түптің түбіне келгенде, барлық адам жарнамадағыдай өмір сүргісі келеді. Қалағанын ішікісі, жегісі келеді. Өмірін тек жақсылыққа құрғысы келеді. Бұның бәрі жарнама сыйлаған арман мен үлкен үміттер болып табылады.

Тағы бір айта кетері, интернет желілері мен қоғамдық ортадан, теледидар мен газет-журнал беттерінен көріп жүрген жарнамалар адамды көзсіз еліктеуге алып келеді. Неге дейсіздер ғой? Өйткені, әлгі жарнамалардан соң, адам баласы өзі қарап жүрген дүниелерге назар аударғысы келмейді екен. Олар қиялдан артық үміттермен өмір сүреді. Ұғымға сыймас армандар мен күлкі келтіретін кереметтерді туғызады. Соларға табан астында жеткісі келеді.

Ауру ма, әлде дерт пе, әзірге белгісіз  болып келе жатқан жағдайға көбіне сенгіш, арманшыл адамдар ұшырайтын көрінеді. Аталған аурудан немесе сырқаттан құтылудың бір-ақ жолы бар екен. Ол - жарнама атаулыдан ат тонды ала қашу... Иә, теледидарды қарауды қойып, оның орнына ән мен табиғи дүниелерді тамашалап, бос күндерді табиғат аясында өткізу керек.

Бір қарағанда, қиын болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Жарнама жоқ жермен жүрсеңіз болғаны, аталған аурудың түрінен біржола құтылып, қалыпты өмір сүре аласыз. Немесе, жарнамаға назар салмауға тырысыңыз...

Сурет:cofevari.ru

Л. Лига