ШАХЗОДА - әнші, актриса: "Пластикалық хирургияны қолдаймын"

ШАХЗОДА - әнші, актриса: "Пластикалық хирургияны қолдаймын"

ТМД елдеріне танымал эстрада жұлдызы Шахзоданың сұлулық туралы ойлары назарларыңызда!

Шахзода, қазіргі таңда пластикалық ота жасау — танымал адамдар үшін қажеттілік. Сіздің көзқарасыңыз қандай? Сұлулық үшін пышаққа түсу жоспарда жоқ па?

— Пластикалық отаны заманның үлкен жетістігі деп білемін. Әйел адамдар үшін әдемі болып көріну өте маңызды. Пластикалық отаның арқасында көп ханымдар өз жасынан әлдеқайда жас көрініп, кейбіреулері арманындағы сұлу бейнесіне қол жеткізіп жатыр. Мен әлі пластикалық отаның көмегіне жүгініп көрген емеспін. Егер қажеттілік туындап жатса, міндетті түрде жасатамын. Уақыт өз дегенін жасайды. Жас ұлғайған сайын терінің әжім сызықтары бәрібір бетте көрініп тұрады...

Құпия болмаса, жасыңыз нешеде? Отбасыңыз туралы айтып бересіз бе?

— 1979 жылы туылғанмын... 11 жыл бойы жолдасыммен бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Бір ұлымыз бар. Қазір жолдасым — продюсерім.

Сіздің стиліңіз қандай? Сахналық киімдеріңіздің ашық болуына жол бересіз бе?

Менің негізгі стилім — өте сыпайы классика. Анам — орыс тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі. Екінші мамандығы —тігінші. Анам жастайымнан әсемдікке құмарлығымды оятуға талпынды. Көбінесе классикалық киімдерді таңдаймын. Тым сәнді, жылтырағы мол киімдерді ұната бермеймін. Алайда, бұл стиль сахна үшін тым қарапайым. Өнер адамының образдары ылғи көздің жауын алатындай сәнді, ашық түсті болуы тиіс. Ал, ашық киімдерге келетін болсам, тым ашық көйлектерден бас тартамын. Себебі, мен мұсылманмын. Кешкі сән көйлектерінің тым ашық емес, тек әйел мүсінін ерекше мәнерлі етіп көрсететінін қалаймын. Бастысы, образ бен оған енетін адамның арасында үйлесім болу керек.

Біздің қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

Соңғы шығарылған әйгілі топтамалардан киіну маңызды емес. Маңыздысы — киген киімнің жарасымды болуы. Мен өз мүсінімнің артықшылықтары мен кем жақтарын жақсы білемін. Соған орай, тәнімнің сұлулығын көрсетіп тұратын жарасымды киімдерді ғана таңдаймын. Сіздерге де берер кеңесім, дене бітіміңізге қонымды киімдерді таңдаңыз. Киімнің денеге жайлы әрі жарасымдылығына сенімді болсаңыз, өзіңізге деген сенімділік пайда болады. Ал қыз бала үшін сенімділік — ең басты қасиет!

Суреттер tengrinews.kz және shahzoda.ru сайттарынан алынған

Н. Баев