Моңғолия астанасына Ұлан-Батыр деген атауды Тұрар Рысқұлов ұсынғаны рас па?

1924 жылы Қытайдан тәуелсіздік алу үшін бірнеше жыл күрескен моңғол революционерлері коммунистік идеалдарға негізделген Моңғол Халық Республикасын құрады. Ол кезде елдің астанасы Урга деп аталған.

Сол жылдың қарашасында кеңес және моңғол саяси қайраткерлері Ургада бас қосады. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов та болған. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі астананың атын өзгерту болды. Жиын барысында бірнеше ұсыныс айтылған, бірақ көпшілік "Батор-Хото" атауына дауыс берген. Содан кейін Тұрар Рысқұлов трибунаға шығып, Ургуды "Ұлан-Батыр-Хото", яғни қызыл батыр қаласы деп атауды ұсынды.

Мұны қазақстандық және шетелдік дереккөздер растайды. Бұл қатарда америкалық зерттеуші Майкл Диллонның кітабы, Рысқұловтың еңбектер жинағы бар. Бұл ұсыныс қабылданған, ал кейін "Хото" сөзі астана атауынан алып тасталды.