Түйе неге адамға шабуылдайды?

Түйенің адамды шайнап тастайтыны туралы естіген боларсыз. Әсіресе, түйенің еркегі бура жараған кезде бұндай жағдайлар жиі кездеседі. Жарау — дегеніміз бураның ұрғашы түйеге шағылысуға дайын екендігін білдіретін ерекше күйі. Осы кезде қарақұсы астында болатын безі ісініп, үлкейіп кетеді. Мінез-құлқы өзгере бастайды. Көзіне ілінген тірі жанды таптап, шайнап қатыгезденіп кететіндіктен, оны тұсаулап тастайды. Кейде, тіпті тым қауіптілерінің аузына тұмылдырық кигізіледі. Өркешінің ұшына «ту» деп аталатын қызыл шүберек пен қызылды-жасылды мата байлайды. Мұндай белгісі бар бурадан сырттайғы жұрт сақтанып, айналып өтеді. Буралардың жарау уақыты қыстың соңғы айларынан көктемнің басына дейін созылады.

Егер түйенің неге түкіретіні қызық болса, пікір қалдырыңыз. Келесі жолы бұл сұраққа міндетті түрде жауап береміз.