Футболшылар алаңға неге балалармен шығады?

Бұндай дәстүр XX ғасырдың соңында пайда болды. Оған 80 жылдары футбол алаңында фанаттар ұйымдастырған тәртіпсіздік оқиғалары себеп. Англияда команда жанкүйерлері екіге бөлініп, ойыннан кейін төбелесетін жағдайлар жиі кездескен. Сондықтан ұйымдастырушылар балаларды мейірім символы ретінде қолданған. Сол арқылы олар спорттық ойын отбасылық шара екенін көрсетпек болады.

Ең қызығы басында алаңға әр команда тек бір баламен шығатын.

2002 жылғы әлем чемпионаты кезінде ФИФА ЮНЕСЕФ-пен бірге жұмыс істейді. Балаларға футбол арқылы көмек көрсету мақсатында “Say Yes for Children” кампаниясы ұйымдастырылады. Содан бері алаңда әр футболшы бір-бір баланы өзімен бірге алып шыға бастады.

Балаларды таңдаудың да өз ережесі бар. Көбіне спорт мектептерін барып, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген балаларды алатын болған. Кейбір командалар белсенді жанкүйерлер арасынан таңдайды.

Ал АҚШ-тың таңдау жүйесі мүлде бөлек. Спортшымен алаңға шығу үшін баланың отбасы топтық билет пакетін сатып алу керек. Билеттер саны 50-ден аз болмауы тиіс.

УЕФА, ФИФА сынды ірі шараларда балаларды таңдау үшін демеушілер көмектеседі.