- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы...
Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы уақыт пен кеңістік
Жаңа дәуір, жаңа талапқа сай көркем әдебиетке қойылатын міндет те ұлғаяды. Кей дәстүр мүлде жойылып кетеді. Әрине, ескі, дәстүрлі түрлер бірден жойылып, түгелдей жаңаланып жатпайды. Көркем әдебиет санадағы құбылысты бейнелемек. Оған шығармашылық тән. Сондықтан, бұрынғы мен қазіргіні салыстыру, шеберлік сынасу, жаңа баламалар іздеу үнемі болып жататын процесс.
Біз дүниедегі заттар мен құбылыстарды белгілі бір уақытта және кеңістікте қабылдаймыз. Уақыт пен кеңістіктен тыс жатқан нәрсе болмайды. Кеңістікте қабылдау деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың белгілі бір орнын, мөлшерін, көлемін, алыс-жақындығын санамызда бейнелеуін айтамыз. Кеңістіктегі заттарды қабылдау адам көзінен олардың қаншалықты қашық немесе жақын екендігіне байланысты. Қашықта тұрған затқа адам көз қысып қарайды, бұны көздің конвергенциясы деп атайды. Егер зат жақын болса, онда адам көз қабағын ашып қарайды, бұны көздің дивергенциясы деп атайды. Кеңістіктегі қабылдауда, оның қашықтықты бағалауда иіс және есту түйсіктері үлкен рөл атқарады.
Теориялық құрылым ретіндегі тарихтың пәні қазіргі мен болашақтан алыста жатқандықтан, уақыт оның маңызды ұғымдарының біріне жатады. Осы құрылымның басқа да құрамдас бөліктеріне қатысты болғандықтан, уақыт ерекше мағынаға ие болады.
Қазақ өлеңінің бастауы қара өлең болғанмен, жыраулар жырымен есейіп, өзге ұлт әдебиетімен қанаттанған Абай және Абайдан кейінгі озық ойлы ақындар легінің поэзиямызды ғарышқа көтергенін мақтаныш етеміз. Қазақ әдебиетінің додалы дүбірінде бір-бірімен үзеңгілесе, аузынан ақ көбік бұрқап, ентелей шапқан дүлдүлдер тобы көп болды. Алды тізгін ұстатса, арты қарадан қалысқан жоқ. Осылайша оңымыздан айымыз жарқырап, солымыздан жұлдызымыз туды. Бүгінгі жастар жырына үңілсек, оның өсу барысын көп тұстарынан байқауға болады. Шығармаларындағы уақыт пен кеңістік ауқымы да кеңейіп келеді.
Өнер мен әдебиетте бір-ақ шарт бар. Ол – көркемдік шарты. Бұл талғамнан туындайтын нәрсе. Ал, әр дәуірдің талғамы әртүрлі болуы да мүмкін. Бірақ, әр кезеңде де ешқашан өзгермейтін көркемдік талабы болады. Форма жоқ жерде өнер жоқ деп жүреміз. Өтімді сөз айту үшін де тартымды пішін керек. Қазақтың: «Ханның айтатынын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген сөзін білесіз. Тәуелсіздік алғаннан бергі лирикадағы жаңа бағыт – бағдар (модернизм, постмодернизм, экзистенциализм, т.б. ағымдар) формадан бас тартып, стильді алға шығарды.
Қазіргі қазақ лирикасы қазақ поэзиясын дамытып, өзіндік сипат танытқан, қазақ әдебиетін тәуелсіздік тұсында жаңа белеске көтерген әдебиет үлгісі болып табылады: дәстүрді дамытқан дара туындылар, жаңашыл сипаттағы сыршыл поэзия етек жаюы – қазақ әдебиетінің теориялық талабын толық орындап, ақындардың бір-біріне ұқсамайтын поэзия тудыру жарысы «белең алып отыр». Соның негізінде ақындар қолтаңбасының өзіндік сипатының анық, қазақ поэзиясының жаңа дәуірде дамуына әкелген жаңалықтары бар деуге толық негіз бар. Ж. Сәрсек, Т. Көпбаев, А. Елгезек, Б. Алдияр, Б. Бабаш, А. Арыстанбек, Е. Жүніс, Е. Жеңісұлы, Т. Толқынқызы, Қ. Омар т.б. жаңаша өлең тудырып, қазіргі қазақ лирикасында тәуелсіз ойлау мен еркіндіктің басымдығын пайдаланып, поэзиядағы негізгі жетістіктерге жетіп отыр.
Сурет: tengrinews.kz
Оқи отырыңыз:
Қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы даму бағыттары
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының жай-күйі
Қазақ қаламгерлерінің елдің тәуелсіздігін, халықтың арман-мүддесін жырлауы
Поэзияда дәуір шындығының көркем жинақталуы (Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет)
О. Сансызбай